Қар барысы бейнеленген мурал төңірегіндегі жағдайға байланысты «Coca-Cola Қазақстан» баспасөз қызметінің мәлімдемесі

Құрметті Алматылықтар!

Біз қар барысы бейнеленген муралға қатысты жағдайға шын жүректен өкінеміз. Coca-Cola бренді адамдардың көңілін түсіруді емес, көтеруді ниет етеді және адамдарды біріктіруге тырысады. Бірақ компанияларда адамдар жұмыс істейді, ал кез келген адам қателеседі. Бұл жолы біз де қателік жібердік. Қар барысы бейнеленген муралды ауыстыру туралы шешіміміз пайдакүнемдік мақсаттармен, варварлық ниетпен немесе алматылықтарды ренжіту ниетінен туындаған жоқ. Өкінішке қарай, біз алдын ала барша жұртшылықтың пікірін сұрамай, ПИК-тің үй тұрғындарының келісімі туралы келісімімен муралды ауыстыруда асығыстық таныттық. Барыс бейнеленген суреттің авторынан да кешірім сұраймыз.

Муралдар – әлемнің барлық қаласында қалалық келбеттің, көше өнері мен жастар мәдениетінің ажырамас бөлігі. Coca-Cola бренді өзін осы мәдениетпен бұрыннан байланыстырып келеді және біз қаланың келбетін жаңарту, жарқын түстер мен көктемгі көңіл-күй туғызу үшін Астана, Шымкент және Алматыдағы жарнамалық науқанымыздың бір бөлігі ретінде мурал салуды ұйғарған едік. Бұл жобада біз жергілікті үш суретшімен жұмыс істедік.

Алматыдағы муралымыз соңғы болып салынды. Бастапқыда бұл мақсатқа басқа үйдің қабырғасы таңдалған болатын, бірақ тұрғындардан қажетті мөлшерде келісім ала алмадық – олар түнгі жұмыс кезінде шу бола ма деп алаңдайтынын жеткізді, өйткені жұмыс түнде де, күндіз де жүргізілуі керек еді. Содан кейін балама ретінде қар барысы бейнеленген қабырға ұсынылды.

Осынау үлкен қателікке жол берген тәжірибемізден кейін біз барыс бейнеленген мурал алматылықтарға қаншалықты құнды екенін түсіндік. Біз өз муралымызды алып тастаймыз және барыс бейнеленген муралды қалпына келтіреміз. Оның үстіне, біз қаланы жаңарту үшін пайдалы іспен айналысқымыз келеді. Жақында біз қайта өңделген пластиктен түрлі түсті көше орындықтарын жасап, оларды Горький атындағы саябаққа орнаттық. Біз бұдан да көп орындықтар жасаймыз, сонымен қатар, қалада үстел теннисі үстелдерін қоямыз, олардың үстіне жергілікті стрит-арт суретшілері сурет салады. Біз қалаға серпінді және жарқын көрініс беруде басқа да идеяларға ашықпыз.

Біз қаламызды жақсы көреміз және алматылықтардан тағы да кешірім сұраймыз! Біз бей-жай қарамаған және азаматтық ұстанымын ашық білдіргендердің бәріне алғыс айтамыз.