Қарағанды облысында ерекше қажеттілігі бар балалар мен олардың отбасыларына арналған инклюзивті жоба аяқталды

Қарағанды облысының Абай ауданындағы Топар кентінде «Ауылдағы азаматтық бастамаларды дамыту» жобасы аясында «Инклюзивті аллея: гарден-терапия және кедергісіз отбасылық демалыс» әлеуметтік-экологиялық жобасы аяқталды. Бастамаға 80-нен астам адам қатысып, ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастарды және олардың отбасыларын қолдауға, инклюзивті ортаны дамытуға әрі қоғам белсенділігін арттыруға бағытталды.
Жобаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының үйлестіруімен берілген шағын грант аясында «Тамаша Адам» мүгедектер қоғамдық бірлестігі жүзеге асырды.
Аталмыш жобаның басты мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастарды тәрбиелеп отырған отбасылардың өмір сапасын жақсартуға ықпал ету.
Бастама аясында экологиялық акция ұйымдастырылды. Қатысушылар бөртегүл көшеттерін отырғызып, аумақты абаттандыру жұмыстарына атсалысты. Іс-шараға ерекше қажеттілігі бар азаматтар, олардың отбасы мүшелері, волонтерлер және жергілікті тұрғындар қатысты.
Жоба кезінде өткен семинар-тренингте мамандар әлеуметтік бейімделу мүмкіндіктері, инклюзивті ортаны қалыптастыру қағидаттары, сондай-ақ мемлекет пен қоғамдық ұйымдар ұсынатын қолдау тетіктері туралы кеңінен ақпарат берді.
Кейін қатысушылар жергілікті су қоймасына барып, оларға сауықтыру бағдарламасы өткізілді. Бағдарлама шығармашылық, спорттық және экологиялық іс-шараларды қамтып, балалардың ұсақ моторикасын, қимыл-қозғалыс үйлесімін және сезіну қабілетін дамытуға арналған тәжірибелік жаттығулармен толықты.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі


