Қарашада «Астана Операда» оннан астам дебют орын алады

Елордалық театр нағыз жаңа өнер көрсетулердің шеруіне дайындалуда: қарашада көрермендер бірден екі сүйікті қойылымда – Людвиг Минкустың «Дон Кихот» (8-9 қараша) және Борис Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» (19-20 қараша) спектакльдерінде оннан астам балеттік дебютті тамашалайды.

«Астана Опера» сахнасында балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова қойған классикалық репертуардың ең екпінді әрі көңілді балеттерінің бірі – «Дон Кихот» тағы да қалың көрермен жинайды. Алайда бұл жолы аудиторияны таныс хореография ғана күтпейді, әрбір спектакль басты әрі мінезді партиялардағы жаңа әртістердің арқасында айрықша болмақ.

Сонымен, 8 қарашада тапқыр шаштараз Базильдің рөлін өзінің тәжірибелі серігі Мәдина Өнербаевамен бірге алғаш рет Эркин Базарбаев орындайды. Келесі күні партияны Шұғыла Әдепханмен жұп болып Бақтияр Адамжан ұсынады.

Көше бишісінің рөлінде екі орындаушы – София Әділханова мен Лимара Айдарова сахнаға алғаш рет шығады, ал Гүл сатушы қыздардың дуэтінде Дарья Митрофанова мен Әлия Әмірхан дебют жасайды. Әртістен айрықша актерлік қабілетті талап ететін комедиялық рөл – Санчо Пансаның бейнесінде алғаш рет Ерсұлтан Тойғұлов өнер көрсетеді. Ал тағы бір жарқын партия Тореадорды Айдан Қалжан бағындырады.

Осы ретте мынадай қызық деректі келтіре кетейік, «Астана Опера» репертуарындағы бұл қойылымда 200-ден астам костюм мен көптеген аксессуар бар, олар қолдан жасалған кестелерді, испан желпуіштерін, шілтер тізбектері мен XIX ғасырдағы үлгі бойынша орындалған қалпақтарды қамтиды. Көрермендер бірде-бір детальді жіберіп алмас үшін бишілерді бинокльмен жиі бақылап отырады.

Арада он күн өткенде көрермендерді өзгеше көңіл күй күтеді: іс-әрекет жарқын испан алаңынан салтанатты хан сарайының қабырғаларына ауысады. А.Пушкиннің поэмасы бойынша «Бақшасарай бұрқағы» балетінде де бірқатар премьера орын алады деп жоспарланған.

Тәкаппар әрі құштар Зареманың партиясын алғаш рет София Әділханова орындайды, жоғарыдағы спектакльде аты аталған солист бұл жолы мүлде басқа амплуада көпшіліктің алдына шығады. Момын Марияның бейнесін Алина Зырянова мен Камила Шахманова сомдайды, бұл көрерменге бір рөлдің екі түрлі көркемдік шешімін салыстыруға мүмкіндік береді.

Вацлавтың партиясында Акбар Иминов пен Диас Құрманғазы дебют жасайды. Спектакльде ауық-ауық ұшырасатын Бозбалалардың рөлдері де жаңа әртістерге сеніп тапсырылған, олар Әли Құсайынов пен Ахмет Кабкенов, сондай-ақ Әубәкір Әлихан мен Досхан Зәйдін.

Бұл қойылымның көпшілік сахналардың таңғаларлық молдығымен ерекшеленетіні қызықты, себебі шығыстық той сахнасының өзінде 40-тан астам кордебалет әртісі жұмылдырылған.

Дегенмен бұл балеттердің эстетикасы қаншалықты әртүрлі (шуақты испан комедиясы мен шығыстық қызғаныш трагедиясы) болғанымен, басты біріктіруші түйін біреу: балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова «Астана Операның» жас әртістерінің буынын өсіруде. Олар өз мансаптарының жаңа кезеңіне қадам басуда және көрермендер олардың дамуының алғашқы куәгерлеріне айналмақ.