«Касперский зертханасы» мен балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық институты Қазақстандағы мұғалімдердің киберсауаттылығын арттыруда

“ӨРКЕН” балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты «Касперский зертханасының» қолдауымен Қазақстанның барлық өңірінде мектеп мұғалімдерімен жұмыс істейтін тренерлерге арналған киберқауіпсіздік негіздері бойынша оқыту өткізді. Компания сарапшылары қазіргі өзекті киберқауіптер, киберқылмыскерлер қолданатын кең таралған әдістер мен алаяқтық схемалар, соның ішінде жасанды интеллект пен дипфейк технологияларын пайдалану жағдайлары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ балалармен интернеттегі қауіп-қатерлер жөнінде қалай дұрыс әңгімелесу керектігі түсіндірілді.

Оқытудан өткен тренерлер енді өңірлік деңгейдегі білім таратушыларға айналады: олар мұғалімдерге арналған курстар, семинарлар мен әдістемелік кездесулер ұйымдастырып, мектептердегі профилактикалық бастамаларды сүйемелдейді және әріптестеріне киберқауіпсіздік мәселелері бойынша кеңес береді. Осылайша, жоба аясында алынған білім ауқымдалып, еліміз бойынша оқушыларды қамтитын болады.

«Касперский зертханасы» ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жетекші компаниялардың бірі ретінде цифрлық сауаттылық негіздері бойынша түрлі аудиторияларға — бизнес және мемлекеттік құрылым өкілдеріне, сондай-ақ білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне, мұғалімдер мен оқушыларға — тұрақты түрде оқыту жүргізіп келеді.

«Киберқауіптерден қорғану үшін тек техникалық қорғаныс құралдары ғана емес, цифрлық сауаттылықты тұрақты түрде арттыру да маңызды. Көбіне адам факторының рөлі ескерілмей жатады. Өйткені зиянкестер қорғаныс жүйелерін айналып өтуден гөрі, фишингтік хат жіберу арқылы пайдаланушының құрылғысын зақымдау немесе ұйымға шабуыл жасау әлдеқайда оңай. Сонымен қатар киберқауіпсіздік негіздері мектеп қабырғасынан бастап қалыптастырылуы қажет. Балалар әдетте ересектердің, соның ішінде мұғалімдердің іс-тәжірибесін үлгі тұтады. Сондықтан педагогтер бұл тақырыпты жақсы меңгеріп, үлгі көрсетіп, оны сауатты түрде түсіндіре алуы тиіс. Қазақстанда мұғалімдерді тренерлер жүйесі арқылы оқыту құрылымының бар екеніне қуаныштымыз. Бұл мектептерде киберқауіпсіздік туралы білімді жаппай таратуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті «Касперский зертханасының» Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолия бойынша мемлекеттік органдармен жұмыс бағытының жетекшісі Асет Ордабаев.

«Бүгінгі таңда „Өркен“ институты балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге, буллинг пен кибербуллингтің алдын алуға, сондай-ақ бүкіл ел бойынша педагогтерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру арқылы балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бүгінгі іс-шара – осы жұмыстың заңды жалғасы. Оқытуға қатысушылар өздерінің цифрлық сауаттылық деңгейін арттырып қана қоймай, алған білімдерін Қазақстан мектептеріне одан әрі жеткізуге арналған практикалық құралдарға ие болды. Бұл интернетте жауапты әрі қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін жүйелі негізде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Кәсіби қолдау көрсетіп, киберқауіпсіздік саласындағы мол халықаралық тәжірибеге сүйенген сараптамалық үлесі үшін „Касперский зертханасына“ алғысымызды білдіреміз. Сала көшбасшыларымен бірлесіп жүзеге асырылатын осындай ағартушылық жобалар біз үшін айрықша құнды және балалар мен педагогтер арасындағы киберсауаттылықтың жалпы деңгейін арттыруға ықпал етеді», — деп атап өтті «Өркен»  БӘАҰҒИ КЕАҚ ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Арзу Саликова.