Қазақ даласының сүйікті әуендері

Қазақстанның біртуар композиторларының камералық-аспаптық музыкасының қызықты кеші жаздың алғашқы айында «Астана Опера» театрында тыңдармандардың назарына ұсынылады. Отандық классиктер мен заманауи авторлардың сан алуан туындылары 14 маусымда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында «Гүлденген дала» жарқын концерттік бағдарламасында шырқалады.

Қазақстанның аспаптық музыкасының алтын қорына енген жауһарларды «Астана Опера» әртістері – оркестрдің бірінші скрипкасы Бағдат Әбілханов, скрипкашы Әнел Шәкірова, альтшы Олеся Морозова, виолончельшілер Курванжан Ахатов, Айдар Қазкен, сондай-ақ шақырылған солистер – скрипкашылар Асқар Дүйсенбаев, Мәдина Бекмадиева, виолончельші Ермек Құрманаев пен пианист Бекзат Ахмеров орындайды. Кеш шымылдығын Әділет Азбаевтың қыл қобыздағы өнер көрсетуі ашады, ал концерттің жарқын қорытындысы домбырадағы орындау болмақ, оны Руслан Баймурзин ұсынады. Фортепиано партиясында – Зәру Жазықбаева.

Танымал скрипкашы Бағдат Әбілханов қазақ ұлттық музыкасы өте әркелкі екенін, және онда шебер, әуезді және драмалық тәрізді түрлі сипаттағы орындалуы күрделі  шығармалар берілгенін атап өтті. Мазмұнды бағдарламаға көптеген туындылар енді, оның ішінде Е.Брусиловскийдің «Бозайғыр» сюитасы, Ғ.Жұбанованың «Романсы» мен «Ариясы», Й.Коганның «Капризі» және тағы басқалары бар.

«Ең әуелі, өз дәстүрлерімізді түсіну және қадірлеу, туған фольклорымыз бен ата-бабаларымыз қалдырып кеткен бай мәдени мұраны білу әрбір қазақстандық үшін маңызды екенін айтқым келеді. Отандық композиторлардың жауһарлары еліміздің тыңдармандары мен орындаушылары арасында ғана емес, сондай-ақ шет елдердегі музыканы ұнататын жандар мен сахна шеберлері арасында да зор танымалдылыққа ие», – деді әртіс.

«Шетелге гастрольмен барғанда бөтен елде өзіміздің біртуар орындаушыларымыздың жазбасында жүрекке жақын әуендерді естігенде жаның тебіреніп, көзге еріксіз жас үйірілетін кездер болады. Дәл осындай сәттерде туған жердің қадірін шынымен түсіне бастайсың, өзіңнің қайдан және кім екенің, елің үшін қандай пайдалы іс жасағаның жайлы ойланасың. Қазақтың музыкасын еуроазиаттық континенттің барлық қиырында және одан тыс жерлерде де тыңдайтыны әрі білетіні қуантады. Бірте-бірте біздің өнерімізбен бұдан да көп адам таныс болатынына сенімдімін. Ал біз өз кезегімізде, қазақстандық композиторлардың скрипкаға, камералық ансамбльдерге көптеген жарқын туындылар жазғанын, скрипкада жеке орындау үшін қаншама қызықты өңдеулер жасағанын қымбатты тыңдармандарымыз бен тұтас музыка әлемі білуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз. Бізді қатты жақсы көретін және концерттерімізден қалмайтын керемет көрермендеріміз барын айта кетуім керек. Мұнымен қоса, аға буын және жас буын өкілдері де келіп, барлығы орындауларды рақаттана тыңдайды және қазақстандық музыканттардың шығармашылығына зор қызығушылықтарын білдіріп жатады», – деп пікірімен бөлісті Бағдат Әбілханов.

«Гүлденген дала» концертінен бөлек, елорда тұрғындары мен қонақтарын маусымда К.Байсейітова атындағы Камералық залда қызықты музыкалық кештерден тұратын сан алуан репертуар күтеді. Сонымен, 4 маусымда «Сиқырлы флейта» концертінде флейташылар тобының концертмейстері Алексей Косыревтің және Элмар Бөрібаевтің жетекшілігінде театрдың Симфониялық оркестрінің нәзік интерпретациясында В.А.Моцарттың флейтаға арналған концерттері шырқалады.

7 маусымда «XX ғасыр ырғағымен» концертінде музыканттар – оркестрдің бірінші скрипкасы Айсұлу Әбілханова, скрипкашылар Карина Аникушина мен Әсем Жақпарова көпшілікке А.Пьяццолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдері» мен «Танго тарихы» секілді жауһарларын, И.Стравинскийдің «Пульчинелла» Симфониялық сюитасын көпшілікке ұсынады. Бұл күні театрдың Симфониялық оркестрін дирижер Руслан Баймурзин басқарады.

9 маусымда «Ақжелең» музыкалық кешінде виолончельші Ернар Мыңтаевтың жетекшілігіндегі Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті өз шығармашылығын паш етеді.

Вокалистер Назым Сағынтай, Артур Габдиев, Азат Мәлік, Жандарбек Еркінбаев пен пианист Зәру Жазықбаева 11 маусымда «Романс романтикасы» концертінде өнер көрсетеді.

18 маусымда театр контрабасшылары – Сәбит Дайыров (топ концертмейстері), Анатолий Якушкин, Бауыржан Шақаев, Ермек Сәрсембаев, Махамбет Жарғақов, Дәулет Үдербаев, Нұрлан Двесов пен Батырхан Хасеновтың өнер көрсетулері «VIVAT контрабас!» концертінің сәнін келтіреді. Олармен бірге сахнаға скрипкашы Шынар Барлықова, виолончельші Мұхамеджан Ахатов, кларнетші Алмаз Тоқпанов, арфашы Диляра Қалдыбаева, қобызшы Алмат Сайжанов, гитарашы Жәнібек Сапаров, пианист Ольга Каминская мен Меруерт Жекенова шығады.

22 маусымда «Latino Cello» кешінде тыңдармандар виолончельші Ботагөз Қалиевамен және Bueno Music Band бэнд тобымен бірге Латын Америкасына музыкалық саяхат жасайды.

Ай бағдарламасын Astana Piano Passion байқауының лауреаты Жұлдыз Ержеңістің 25 маусымда өтетін концерті аяқтайды. Айта кету керек, келешегінен үміт күттіретін жас пианистке К.Байсейітова атындағы Камералық залда өнер көрсетуге берілген сертификат театрдың атынан арнайы жүлде болатын.