Қазақ-испан фильмі «Бітім» Сан-Себастьяндағы беделді кинофестивальде зор жетістікке жетті

Қазақ-испан бірлескен драмасы «Бітім» (La tregua) Сан-Себастьяндағы халықаралық кинофестивальде шынайы сенсацияға айналды: премьера кезінде көрермендер көз жасын тыя алмады, зал ұзақ қол шапалақтап, сыншылар туындының ауқымы мен эмоциялық қуатына тәнті болды.
Фильм Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында КарЛАГ-та тұтқын болған испандықтардың тағдырын бейнелейді. Көрермендердің айтуынша, көптен бері мұндай терең әсерге бөленбеген. Көрсетілім атмосферасы «Бітімнің» жай ғана кино емес, елдер арасындағы маңызды мәдени көпірге айналғанын дәлелдеді.
Картинада испан кинематографиясының жұлдыздары Арон Пипер мен Мигель Эрран басты рөлдерді сомдап, қазақстандық актерлер — Дина Тасбулатова, Алтынай Нөгербек, Сергей Уфимцев, Фараби Аққозовпен бірге айрықша мәдени және актерлік үндестік орнатты.
Фильм — Қазақстан мен Испанияның бірлескен жобасы. Испан тарапынан Plano a Plano кинокомпаниясы (продюсерлер — Сесар Бенитес, Эмилио Амаре және Эмилио Пина) жауапты болса, қазақстандық тараптан Amanat Capital компаниясы (бас продюсер — Аманат Қонақбаев) жетекшілік етті. Сондай-ақ, Дәурен Байғалиев, Даир Қаракеев, UMAIFILM продюсерлері Жарасхан Күлпиенов пен Алия Далабаева және жобаның қазақстандық үйлестірушісі — медиаменеджер әрі продюсер Ерлан Бекхожин қатысқан.
Сюжет бойынша испан офицерлері — лейтенант Сагальдо мен капитан Рейес Азамат соғысында қарсы тарапта соғысқанымен, тағдыр оларды Қарағандыдағы еңбек лагерінде қайта табыстырады. Енді бұрынғы жаулар қиын жағдайда аман қалу үшін татуласуға мәжбүр.
Премьера Сан-Себастьянның мәдени жүрегі саналатын көне Victoria Eugenia театрында өтті. Мыңнан астам көрермен алғашқы болып фильмді тамашалап, әсерлі сәттерде көз жасын жасыра алмады.
Арон Пипер:
«Бұл өте күрделі жоба болды — әрі рухани, әрі физикалық тұрғыдан. Түсірілімде жауын-шашын, қар, ауыр көріністер көп болды. Бірақ біз бірге ауқымды жұмыс атқардық. Ауыр сезімді жай ғана ойнау мүмкін емес — оны бастан кешіру қажет. Мені осы сынақ қызықтырды. Қазақстандық командаға ризамын — олардың мейірімі мен тәжірибесі, кеңпейілділігі мені тәнті етті. Қазақстанға міндетті түрде барғым келеді».
Ерлан Бекхожин:
«Премьераның дәл Сан-Себастьянда өтуі біз үшін қуаныш. Мұнда кәсіби әрі сезімтал көрермен бар. Бұл — басқа әлемдік фестивальдерге, тіпті «Оскарға» апарар көпір. Біздің тарихымыздың еуропалық көрерменде осындай эмоция тудырғанына шын қуаныштымыз».
Аманат Қонақбаев:
«Сан-Себастьянда болған сәтті сөзбен жеткізу қиын. Зал жылап, қол соққан кезде, біз шынымен маңызды дүние жасағанымызды түсіндік. «Бітім» — жай фильм емес, бұл — естелік, қайғы және үміт тоғысқан бір оқиға. Біз ең қиын жағдайда да адамның адамдық қасиетін сақтай алатынын көрсеткіміз келді. Бүгін бұл оқиғаның бүкіл әлемге түсінікті әрі жақын екенін көрдік».
Америкалық кәсіпкер, кеңестік тектен шыққан Александр Смаклер фильмді ерекше қабылдап:
«Бұл туынды мен үшін ауыр болды, себебі жұбайымның атасы Қарағанды лагерінде сегіз жыл өткізген. «Бітім» — мен көрген ең әсерлі фильмдердің бірі. Автормен бас иіп амандасамын. Бұл оқиға ойландырып, қайта бағамдауға мәжбүрлейді».
Фильм 10 қазанда Испанияда және басқа еуропалық елдерде прокатқа шығады, Қазақстанда кең көрсетілім 30 қазанда басталып, кейін Netflix платформасында халықаралық релиз өтеді. Картинаға еуропалық дистрибьюторлар айтарлықтай қызығушылық танытуда.
Сонымен қатар, «Бітім» Испанияның беделді Гойя ұлттық кинопремиясына ұсынылады. Туындының ерекшелігі — ойландыратын, талдау мен жауап іздеуге жетелейтін мазмұнында.
Жобаның 70%-ын испандық продюсерлер қаржыландырса, қалған 30%-ын қазақстандық тарап қамтамасыз етті. Барлық қаражат жеке инвестиция есебінен тартылып, мемлекеттік қолдау көрсетілген жоқ.




