«Қазақстан халқына» қоры ауыл мектептерінің, шағын және моноқалалардың түлектері үшін 350 білім беру грантын бөліп, шәкіртақы мөлшерін 60 000 теңгеге дейін көтерді

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры білім беру гранттарын ұсынудың жаңа тұжырымдамасын бекітіп, ауылдық елді мекендерден, шағын және моноқалалардан шыққан жастарды қолдауды күшейтті.

2026 жылы Қор оқу ақысын төлеуді және ай сайынғы шәкіртақыны қамтитын 350 білім беру грантын бөледі.

Грантқа ауылдық елді мекендердегі, шағын және моноқалалардағы мектептердің 25 жасқа дейінгі (қоса алғанда) түлектері келесі санаттар бойынша үміткер бола алады:

  • жетім балалар және кәмелетке толғанға дейін ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • мүгедектігі бар адамдар;
  • мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары.

Қор бір академиялық жыл үшін оқу ақысын 1 миллион теңгеге дейін төлейді, сондай-ақ оқу жылының 10 айы бойы ай сайын 60 мың теңге көлемінде шәкіртақы тағайындайды. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда шәкіртақы мөлшері 1,5 есеге өсіп, 40 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтерілді.

Қолдау оқу мерзімінің толық кезеңіне беріледі және әлеуметтік қолдауды қажет ететін жастардың жоғары білімге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.

2026 жылы серіктес жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы іріктеу жүргізудің моделі сақталады. Талапкерлерден құжаттарды қабылдау 2026 жылғы 1–17 тамыз аралығында жүзеге асырылады. Құжаттар тексерілгеннен кейін «Қазақстан халқына» білім беру гранттарының иегерлері тізімі Қордың ресми сайтында 2026 жылғы 11 қыркүйекке дейін жарияланады.

Барлығы 44 жоғары оқу орны қатысуда, серіктес жоғары оқу орындары және қажетті құжаттар тізімі туралы толық ақпарат Қордың ресми интернет-ресурсында жарияланған.

Білім беру гранттары — «Қазақстан халқына» қорының алғашқы қайырымдылық бастамаларының бірі. 2022 жылдан бері 4 311 студент қолдау алды. Қазіргі уақытта Қор гранттары бойынша еліміз бойынша шамамен 2,5 мың студент оқуын жалғастыруда.