Қазақстан қонақүйлері тұңғыш рет MICHELIN Key белгісіне ие болды

MICHELIN Guide әлемдегі ең үздік қонақүйлердің халықаралық тізімін — MICHELIN Key Selection 2026 жинағын жариялады. Қазақстан бұл беделді гидтің географиясына алғаш рет еніп отыр: отандық қонақүйлер беделді жинаққа қосылып қана қоймай, MICHELIN Key арнайы белгісіне ие болды.

MICHELIN Key — қонақүй саласындағы кулинариялық «Мишлен жұлдызының» ресми баламасы. Тәуелсіз әрі анонимді инспекция қорытындысы бойынша еліміздегі 5 қонақүй One MICHELIN Key («Бір Мишлен кілті») белгісіне ие болды:

· The Veil Hotel (Астана қ.)
· The St. Regis Astana (Астана қ.)
· The Ritz-Carlton, Astana (Астана қ.)
· The Ritz-Carlton, Almaty (Алматы қ.)
· Tenir Eco Hotel (Алматы қ.)

Бұдан бөлек, MICHELIN Guide ұсыныстарының жалпы санатына Қазақстанның тағы 9 қонақүйі енді. Олардың қатарында: Sheraton Astana Hotel, Swissôtel Wellness Resort Alatau Almaty, Qazaq Auyl Eco Hotel, Qazaq Garden, Donatello Premium Almaty, Radisson Blu Hotel Almaty Airport, Zvezdnaya Eco-Hotel, YURTA Boutique Hotel және Medina Palace Hotel бар.

MICHELIN сарапшылары еліміздің жаһандық туризмдегі өсіп келе жатқан тартымдылығын ерекше атап өтті:

«Алғашқы «Мишлен кілті» — бұл үлкен қуаныш әрі саяхатшылар үшін қалыптасқан дәстүрлі бағыттардан тыс аймақтарға көз тастауға жасалған шақыру. Ботсванадағы сафариден бастап Қазақстан елордасындағы сәулет оазисіне дейін — осы бес елдің қонақүйлері сапарға шығуға мүлдем өзгеше себептер ұсынады және инспекторларымыз әдеттегі туристік карталардан тыс жерлерден не тапқанын көрсетеді».

Қазақстандық қонақүйлердің бұл мәртебелі тізімге енуі — «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ның туристік инфрақұрылымды жүйелі дамытуға және қонақжайлылық стандарттарын арттыруға бағытталған стратегиялық бастамаларының арқасында мүмкін болды. Халықаралық деңгейдегі мұндай баға Қазақстанның жоғары сапалы туризм орталығы ретіндегі беделін арттырып, шетелдік туристер үшін тартымдылығын күшейте түседі.

Анықтама:
MICHELIN Key белгісі 2024 жылы қонақүй саласын тәуелсіз бағалау үшін құрылған. Бағалау барысында 1900 жылдан бері мейрамханаларға қолданылып келе жатқан қатаң әдістеме мен жоғары талаптар негізге алынады. Нысандарды анонимді инспекторлар бес әмбебап критерий бойынша бағалайды: қонақүйдің қонаққа өңірдің болмысын аша білуі, сәулеті мен интерьер дизайнының сапасы, қызмет көрсету сапасы мен жайлылықтың тұрақтылығы, баға мен көрсетілген қызметтің сәйкестігі, сондай-ақ нысанның даралығы мен өзіндік колориті.

One MICHELIN Key («Ерекше демалыс») белгісі өзіндік сипаты бар және өз деңгейіндегі орташа салалық көрсеткіштерден әлдеқайда жоғары қызмет көрсететін қонақүйлерге беріледі.