Қазақстандағы АЭС: вендор компания биыл белгілі болмақ

Қазір қоғамда біздегі АЭС-ті Франция мемлекеті салады деген пікір желдей есіп жүр. Бұл асығыстау айтылған жаңсақ ой. Себебі, әлі мәселе шешілген жоқ.

«Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС-нің атом энергетика бөлімінің инженері Асуан Сиябековтың айтуынша, бізде қазір 4 компаниядан тұратын шорт парақ жасақталған. Атап айтқанда, Ресейдің Росатом, Қытайдың CNNC, Оңтүстік Кореяның KHNP және Францияның EDF компаниялары. Барлығымен келіссөз бірдей деңгейде жүріп жатыр. Ешқайсысына да басымдық беріліп отырған жоқ. Енді реакторларына келетін болсақ, барлығының қуаты шамалас: 1200 – 1400 МВт. Былтыр қараша айының соңында Президент Францияға барған сапарында қаралған басты мәселенің бірі – АЭС тақырыбы болды. Assystem компаниясымен меморандумға қол қойылып, мұның аясында АЭС салынған жағдайда кадр дайындауға көмектесу, техникалық қадағалау жұмыстары қарастырылған. Бұл француз компаниясы бізге АЭС салып береді деген сөз емес. Оның үстіне бұл компания шорт-парақта жоқ. Ал АЭС салуы мүмкін тізімде Францияның EDF компаниясы ғана бар.

Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында министр Болат Ақшолақов 2022 жылы Қытай, Ресей, Франция Оңтүстік Корея сияқты елдердің жеткізушілерінен тексерілген реакторлық технологиялардың қысқа тізімі жасалғанын еске салған еді. Министр осы жылы реакторлық технологияны таңдау бойынша жұмыс жүргізілетіндігін атап өтті.