Қазақстандық әртіс Италияда ең күрделі балеттік нөмірлерді ұсынады

Қазақстандық әрі әлемдік балет жұлдызы, «Астана Опера» театрының жетекші солисі Бақтияр Адамжан осы күндері ауқымды еуропалық тур аясында Италияда өнер көрсетуде. Ұйымдастырушылар өздері құрған авторлық бағдарламада қазақстандық әртістің айрықша дарынын назарға алып, одан балеттік репертуардан техникалық тұрғыда күрделі нөмірлерді билеп беруін өтінді.

Қазақстандық биші жаһан жұртшылығын «Роберто Болле және достары» атты балет кештерінде өзінің харизмасымен және кәсіби шеберлігімен таңғалдыруда. Аталған балет кештері биыл 11-29 шілде аралығында Рим, Флоренция, Верона, Казерта қалаларында өтуде. Ал 27 және 29 шілдеде елордалық театрдың жетекші солисін Генуя мен Таорминада жарқын спектакльдер күтеді.

– Бұл үлкен турға мені досым, есімі әлемге танымал, аңызға айналған балет әртісі Роберто Болле шақырған болатын. Оның өзінің Artedanza продюсерлік орталығы бар, мен олармен көп жылдан бері жақсы қарым-қатынастамын. Олардың шақыруымен Италияға жылына 4-5 рет барып тұрамын. Енді осы жолы көрермендердің сұрауы бойынша мені толық жазғы турға шақырып отыр. Роберто Болленің концерттеріне қатысу – өз шеберлігіңді үлкен аудиторияның алдында паш етуге жақсы мүмкіндік. Әлемге әйгілі бір ғана Арена ди Верона көне амфитеатрының өзінде менің өнер көрсетуімді 15 мыңнан астам көрермен тамашалады. Сондықтан мен үшін бұл гастроль тек қана өз шығармашылығымды ғана емес, жалпы қазақ балет өнерін таныстыруға керемет алаң болып табылады. Бір байқағаным, мұндағы көрермендер ұнатқан әртістері жайлы барлық мәліметтерді мұқият зерттейді екен: қай жерден екендерін, қайда жұмыс істейтіндерін білгілері келеді. Менің италиялық жанкүйерлерім әлеуметтік желілердегі парақшаларыма жазылып, сонда өздерінің жылы лебіздерін қалдыруда. Осынау тамаша елде менің шығармашылығымды бағалап, менің концерттеріме 4 жылдан бері келіп жүрген жандар бар. Сонымен қатар, менің өнер көрсетулерімді бүкіл Еуропа, Австралия, Оңтүстік Америка, Жапония және басқа да елдердегі асқақ өнер жанкүйерлері бақылап отырады, – деп атап өтті Бақтияр Адамжан.

Роберто Болле өзінің гала-кештеріне тек жоғары деңгейдегі орындаушыларды ғана шақыратынын атап өтуіміз қажет. Осы ретте «Астана Опера» премьері Бақтияр Адамжанның Роберто Болленің концерттеріне жыл сайын қатысып келе жатқаны жетекші солистің әлемдік балет өнерінде лайықты орын алғанын тағы бір дәлелдей түседі.

11-13 шілде аралығында Римдегі Каракалла термаларында өткен музыкалық фестивальде Бақтияр Адамжан Л.Минкустың «Дон Кихот» және А.Аданның «Корсар» балеттерінен па-де-дені керемет орындады. Араға екі күн салып, яғни 15 шілдеде ол Флоренциядағы әйгілі Piazza della Santissima Annunziata алаңында Сенкингтің музыкасына хореограф Исян Чжанның In the wake заманауи нөмірі мен «Дон Кихот» балетінен па-де-дені ұсынды. Оның 19 шілдеде Арена ди Верона амфитеатрындағы, 22 шілдеде Реджиа ди Казертадағы өнер көрсетулері де зор табыспен өтті.

Италиядағы гастроль осы айдың соңына дейін жалғасады: 27 шілдеде отандасымыздың қатысуымен Генуядағы Вилла Гримальди алаңында, 29 шілдеде Таорминадағы көне театрда Балет кештері өтеді. Бақтияр онда жоғарыда аталған нөмірлермен қатар, Цезарь Пунидің «Эсмеральда» балетінен «Диана және Актеон» па-де-десін ұсынады.

– Бүкіл әлемдегі зор сұранысқа қарамастан, маған шетелде концерттер мен спектакльдерге қатысу жайлы ұсыныстардан бас тартуға тура келетін кездер болады. Себебі мен «Астана Операда» мені тағатсыздана күтетін сүйікті көрермендерімнің алдында өнер көрсеткім келеді. Бұл мен үшін зор қуаныш әрі сонымен бірге жауапкершілік. Осы ретте, қызметіме үнемі қолдау білдіріп жүрген театр басшылығына, әсіресе балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратоваға алғысымды айтқым келеді. Шетелде өнер көрсетуге барғалы жатқанда, Алтынай Әбдуахымқызы: «Саған дайындық керек пе? Костюмдерің барлығы сай ма?» деп жағдайымды сұрап, мен үшін үнемі алаңдап, тілекші болып отырады. Қайда барсам да, жолымды кеспей, батасын беріп отырғанына ол кісіге шексіз ризамын, – деп қорытындылады Бақтияр Адамжан.

«Астана Операның» жетекші солисі Қазақстанда да және одан тыс жерлерде де жоғары танымалдылыққа ие. Оның өнер көрсетулер кестесі алдағы бірнеше айға жазылып қойған. Мысалы, солист тамызда Ballet International Gala ұйымдастырушыларының шақыруымен осымен төртінші мәрте Австралияға аттанбақшы. Ол жерде Бақтияр өзінің сахнадағы жұбы Шұғыла Әдепханмен бірге жанкүйерлерін тағы да қуантады. Ал күзде балет жұлдызы Оңтүстік Корея астанасы Сеулде Star Gala-да, АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында Petipa Awards марапатын табыстау рәсімінде, сонымен қатар Кипр мен Швейцария секілді басқа да елдерде өнер көрсетеді.