Қазақстандық май зауыттары Шанхайда 108 млн АҚШ долларына келісімшарттар жасасты

Алдағы екі маусымда Қазақстан Қытай нарығына май өнімдерін жеткізу көлемін 1 млн тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Қазақстанның май өнімдері саласындағы кәсіпорындары Шанхай қаласында өтіп жатқан 9-шы Қытай халықаралық импорт көрмесі (CIIE) аясында жалпы сомасы 108 млн АҚШ долларын құрайтын келісімшарттарға қол қойды.
Қазақстанның ұлттық павильонында отандық май өнімдерін Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы (МДҚӨҰҚ) еліміздің тоғыз май зауытымен бірлесіп таныстырды. Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, көрме іскерлік байланыстарды нығайтуға, жаңа серіктестер табуға және Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беретін тиімді алаң саналады.
«Біз бұл көрмеге төртінші жыл қатарынан қатысып, май өнімдерімізді ұсынып келеміз. Осы уақыт ішінде жаңа серіктестер тауып, бірқатар келісімшарттарға қол қойдық», – деп хабарлады қауымдастық өкілдері.
Көрме аясында Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметі бас хатшысының орынбасары Сюй Байкэ мен Қазақстанның Шанхай қаласындағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаровтың қатысуымен «Шыңжаңға инвестиция салыңыз» атты таныстырылымдық іс-шара өтті. Іс-шара барысында МДҚӨҰҚ атқарушы директоры Александр Яшков Қазақстанның май саласын дамыту перспективалары мен экспорттық әлеуеті туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, соңғы жылдары сала тұрақты өсім көрсетіп келеді. Атап айтқанда, кейінгі бес маусымда қазақстандық май өнімдерінің экспорттық көлемі бес есеге артқан. 2025/2026 маусымының қорытындысы бойынша экспорт көлемі 1,8 млн тоннадан асып, одан түскен кіріс 1 млрд 233 млн АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш те соңғы бес маусымда бес есеге өскен.
Бүгінде қазақстандық май өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады. Олардың қатарында Қытай, Орталық Азия мемлекеттері, Еуропалық одақ елдері мен Таяу Шығыс нарықтары бар. Қытай отандық өнімнің ірі импорттаушылары арасында 2 орында тұр және бұл нарықтағы сұраныс тұрақты өсіп келеді.
Соңғы бес маусымда Қазақстаннан Қытайға өсімдік майын, күнжара экспорттаудан түскен валюталық түсім 385 млн АҚШ долларына ұлғайып, 438 млн АҚШ долларына жетті.
«Қазақстандық май өнімдері Қытай нарығында жоғары сұранысқа ие. Мұны жыл сайын миллиондаған АҚШ долларына жасалатын келісімшарттар да растайды. Қытай нарығының ауқымдылығы қазақстандық өндірушілерге жергілікті серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге зор мүмкіндік береді. Ағымдағы маусымда Қытайдың өсімдік майы, күнжара импортының жиынтық көлемі 16 млн тоннаға жетеді деп күтілуде», – деп атап өтті Александр Яшков.
Шанхайда 108 млн АҚШ долларына экспорттық келісімшарттардың жасалуы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және отандық май өнімдерінің Қытай нарығындағы үлесін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.



