Қазақстандық тенор Италияны тәнті етуде: Әлихан Зейнолла Россинидің «Күлбике» операсындағы Ханзада партиясында дебют жасайды

Қазақстандық тенор Әлихан Зейнолланың есімі беделді әлемдік сахналарда жиі естілуде. «Астана Опера» әртісі 2025 жылдың аяғында Италияда Дж.Россинидің «Күлбике» танымал операсындағы Дон Рамиро ханзаданың партиясында дебют жасайды.

Мұндай жетістікке жету оңай болған жоқ. 2025 жылдың басында Италияда АҚШ, Латын Америкасы, Франция, Италия және басқа да елдердің вокалистерін жинаған ауқымды тыңдалым өтті. Финалда тек екі үміткер – италиялық және қазақстандық тенор қалды. Маңызды шешімді комиссия төрағасы маэстро, атақты Мирелла Френидің жары Леоне Маджера қабылдады. Ол жас қазақстандыққа негізгі партияны сеніп тапсырып, отандасымыздың бірегей вокалдық әрі әртістік қабілетін атап өтті.

Операның қойылымы қарашада басталады, одан кейін дебюттік спектакльдер 2025 жылы желтоқсанда өтеді: екі көрсетілім Луккада ұсынылса, тағы екеуі 2026 жылы қаңтарда Феррарада таныстырылады. Рөлге дайындық жұмыстары әлдеқашан басталды.  Алдымен Миланда өтіп, одан кейін Бакуде жалғасты, ол жаққа әнші «Астана Операның» театр  маусымы аяқталысымен аттанды.

– Кез келген дебютке дайындық – бұл әрдайым үлкен жауапкершілік. Астанадағы және Миландағы профессорларымның арқасында Италиядағы өзімнің екінші дебютіме қарқынды дайындалудамын. Дж.Россинидің «Күлбике» операсындағы Дон Рамиро  ханзаданың партиясы – айтарлықтай күрделі вокалдық материал, онда виртуоз колоратуралар мен жоғары ноталар молынан кездеседі. Қазір туған театрымдағы жұмысымнан бөлек, барлық бос уақытымды осы рөлге дайындыққа арнаудамын. «Күлбике» операсы – тыңғылықты әрі мұқият еңбектенуді талап ететін тілдің көптеген күрделі идиомалық айналымдары кездесетін нағыз италиялық туынды, – деп пікірімен бөлісті Әлихан Зейнолла.

Ә.Зейнолла Еуропада кеңінен таныла бастады. 2025 жылы көктемде ол Санкт-Петербордағы «Классика на Дворцовой» фестивалінің тарихына еніп, осынау беделді сахнада өнер көрсеткен тұңғыш қазақ әншісі атанды.

Әртіс мансабының өсуі – қажырлы еңбек пен тұрақты жетілудің нәтижесі. 2024 жылы Әлихан Зейнолла Флоренциядағы Maggio Musicale театрында және Пезародағы Дж.Россини академиясында маңызды тағылымдамадан өтті. Сол кезде ол әйгілі Россини фестивалінде «Реймске саяхат» операсында ойдағыдай дебют жасады.

Одан кейін Румынияға шақыру келді. Ол жақта әнші буффа жанрының әлемдік шебері, италиялық бас Бруно де Симонемен бірге «Севильдік шаштараз» операсындағы граф Альмавиваның партиясын орындады.

Алда өтетін Дж.Россинидің «Күлбике» операсы оның халықаралық мансабындағы маңызды жетістіктерінің бірі болады деп күтілуде.