Қазақстандық жас шорт-трекшілер жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогының алғашқы кезеңінде толық медаль жиынтығын жеңіп алды

7–9 қараша аралығында Астанадағы «Алау» мұз айдынында 2025/26 маусымындағы ISU жасөспірімдер арасындағы шорт-тректен Әлем кубогының алғашқы кезеңі өтуде. Бұл жарысқа 22 елден келген 140-тан астам спортшы қатысуда. Қазақстан құрамасы жарыстың екінші күнінде сәтті өнер көрсетіп, алтын, күміс және қола медальдарды иеленді.

Богдан Вехов 1500 метр қашықтықта жеңімпаз атанып, 2:14.336 нәтижесін көрсетті. Ол Қытай мен Корея Республикасының спортшыларын артта қалдырып, Қазақстанға осы кезеңдегі алғашқы алтын медальді алып келді.

Полина Омельчук 1000 метр қашықтықта қола медаль жеңіп алды. Оның нәтижесі — 1:33.576. Бұл қашықтықта Корея Республикасының өкілі Сонгми О (1:31.782) жеңімпаз атанса, күміс медальді қытайлық спортшы Цзиньи Линь (1:32.843) иеленді.

Сонымен қатар, Қазақстан құрамасы аралас эстафетадағы 2000 метр қашықтықта күміс жүлдеге ие болды. Біздің спортшылар 2:47.380 нәтижесін көрсетіп, тек Қытай командасына (2:46.287) жол берді. Үшінші орынды Италия құрамасы (2:49.476) иеленді.
Қазақстан құрамасының сапында Полина Омельчук, Богдан Вехов, Гүлдана Жалмұхан, Павел Цой, Нұрия Алпысбай және Тамирлан Жолдас өнер көрсетті.

 Қазақстан конькишілер одағының баспасөз қызметі