Қазақстанға картоп тұқымының 95 пайызы шетелден әкелінеді

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың бастамасымен партия кеңсесінде тұқым шаруашылығын қолдау туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер талқыланды.

Мамандардың айтуынша, картоп тұқымының 95 пайызы шетелден әкелінеді. Тұқымның төмен сапасы, тұқымның өту жолдарын тиісті бақыламау, соның салдарынан туындаған тұқым контрабандасы, селекционерлердің құқықтарын сақтамау – осы және басқа да себептерге байланысты Қазақстанда тұқымдарды тексеру және сертификаттау жүйесі дамытуды қажет етеді.

Сарапшылар Нидерланды Корольдігінің үлгісін мысалға ала отырып, тұқым сапасын бақылаудың ашық жүйесін құрудың халықаралық тәжірибесін талқылады. Шетелдік сарапшылар, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты, Қазақ бау-бақша шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, ҚазАТИУ, Парламентаризм институтының ғалымдары, Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының және басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдері аталған тақырып жөнінде өз пікірлерімен бөлісті.

«Respublica партиясы тұқым шаруашылығы жүйесін реформалауды бастады. Тұқым шаруашылығын қолдау мәселелері бойынша заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізу тұқым сапасын бақылаудың ашық, логикалық, мемлекеттен тәуелсіз жүйесін құруға мүмкіндік береді. Мемлекет саланы реттеуге аккредиттеу, жыл сайынғы есептер және жаңа ережелер мен олардың мәлімдемелерін әзірлеуде барлық мүдделі ұйымдармен тығыз өзара әрекеттесу арқылы қатысады», — деді Айдарбек Қожаназаров.

Отырыстың қорытындысында сарапшылар Қазақстанда тұқымдарды тексеру мен сертификаттаудың жаңартылған жүйесін енгізу қажеттігін атап өтті. Жақын арада заң жобасы Үкіметтің бекітуіне жіберіледі.