Қазақстанның батыс аймақтарында жеңіл атлетикадан ауқымды Kids’ Athletics жобасы іске қосылады

Қазақстан Республикасының жеңіл атлетика федерациясы World Athletics ұйымының қолдауымен жүзеге асырылатын ауқымды халықаралық Kids’ Athletics бағдарламасын іске қосады. Kids’ Athletics – балалар мен жасөспірімдерді жүйелі түрде спортпен шұғылдануға шақыратын, сондай-ақ болашағы зор спорттық резервті дайындайтын тиімді әрі қызықты тетік. Бағдарлама жеңіл атлетика элементтері мен философиясын пайдалана отырып, балалар мен жастарды белсенді өмір салтын ұстануға, дағдыларды дамытуға және спортпен айналысуға ынталандырады. Бағдарлама аясында талантты спортшыларды анықтап, оларды кәсіби спортқа бағыттауға мүмкіндік бар.
Федерация бағдарламаны Қазақстанның батысындағы төрт өңірде кезең-кезеңімен іске асырмақ. Алғашқы кезең Маңғыстау және Атырау облыстарынан басталады. Содан соң, бағдарлама Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында іске қосылады.
Бағдарламаға 4 пен 14 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер, жаттықтырушылар, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері мен еріктілер қатысады. Kids’ Athletics бағдарламасы қарапайым әрі қолдануға ыңғайлы оқу материалдары мен жаттығуларды қамтыған. Олар көңілді әрі әлеуметтік ойындар арқылы жеңіл атлетикаға негіз болатын қозғалыс дағдыларын дамытады. Сонымен қатар, мұндай сабақтар балаларды спорттық бағыттармен және жеңіл атлетиканың жарыс түрлерімен таныстырады.
Жеңіл атлетика бұқаралық спорт түрі ретінде де кең танымал. Спорттың бұл түрі көпшілік жерде қолжетімді, сондай-ақ, жаттығулары алуан түрлі. Жеңіл атлетиканың тағы бір ерекшелігі – жыл бойы ашық алаңдарда да, жабық ғимараттарда да айналысуға болатындығында. Сол себепті, жеңіл атлетикаға деген қызығушылық елімізде жылдан-жылға артып келеді


