Қазақы құндылықты брендке айналдырған

Осыдан бірер жыл бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің үлкен мәжіліс залында жастарға ерекше әсер қалдырған тағылымды кездесу өтті. Университеттің «Менеджмент» мамандығының түлегі, кәсіпкер, сол кездегі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Арысбекұлы Берденов студенттерге көшбасшылық дәріс оқып, өзінің кәсіпкерлік және мемлекеттік қызметтегі тәжірибесімен бөлісті.

Дәріс басталмас бұрын Руслан Арысбекұлы өзінің еңбек жолына тоқталды. Әңгімесінен байқағанымыз – талай биікті бағындырып, ірі жобаларды жүзеге асырғанымен, қарапайымдылықты серік еткен азамат екені. Бизнеске небәрі 19 жасынан бастап араласқан ол кәсіпкерлікте жетістікке жетудің бірқатар маңызды қағидаларын атап өтті.

«Бизнес бастамас бұрын уақытыңның 90 пайызын аналитикаға арнау керек», – деді ол. Яғни қай саланың өтімді екенін, қандай кәсіптің болашағы барын және ең бастысы, қай бағыттың адамның табиғатына сәйкес келетінін алдын ала саралап алу қажет. Оның айтуынша, кәсіп бастауға асықпай, алдымен кітапты көп оқып, тәжірибе жинаған жөн. Тіпті бизнеске кіріспес бұрын шетелдік компанияда немесе шетелде жұмыс істеп, жаңашылдықты үйренудің де пайдасы мол.

Руслан Берденов жастарға білім мен тіл үйренудің маңызын да ерекше айтты. Гарвард университетінің 50, Стэнфорд университетінің 20 дәрісін қарап шығуға кеңес беріп, бірнеше шет тілін меңгерудің қажеттігін атап өтті. Әсіресе ағылшын тілінде еркін сөйлеуді, сонымен бірге қытай тілін үйренуді ұсынды. Өйткені қазіргі заманда білім мен тіл – адамның мүмкіндігін кеңейтетін басты құралдардың бірі.

Кәсіпкерлік жолдан мемлекеттік қызметке келген Руслан Арысбекұлы бұл саладағы ұстанымдарын да жасырмай айтты. Ол мемлекеттік қызметті елге қызмет етудің тағы бір үлкен мүмкіндігі ретінде бағалайтынын жеткізді. Тіпті мемлекеттік қызметке келген кезде айлық алмай жұмыс істеуді ұсынғанын да әңгімеледі. Алайда мұндай жүйе заңнамада қарастырылмағандықтан, ұсынысы қолдау таппаған. Соған қарамастан, мемлекеттік қызметтен алатын табысын қайырымдылыққа жұмсайтынын айтты.

Оның қоғамдық қызметте ерекше көңіл бөліп жүрген мәселелерінің бірі – лудомания, яғни құмар ойынға тәуелділік. Осы бағытта заңнамаға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар жасағанын жеткізді.

Заңға өзгеріс енгізу үдерісінде түрлі мүдделі тараптардың ықпалына тап болғанын да жасырмады. Тіпті кейбір адамдардың заңға өз пайдасына қарай өзгеріс енгізу үшін ақша ұсынғанын айтып, «Бай адам болғаным қандай жақсы, басқа адам ақшаға сатылып кетуге дайын» деген мағынадағы ойын жеткізді. Бұл сөздің астарында тек материалдық тәуелсіздік емес, адамның өз ұстанымына адалдығы, ар-ожданын ештеңеге айырбастамауы керек деген үлкен ой жатқаны анық.

Руслан Арысбекұлы трансұлттық компанияларда еңбек етіп, шетелде өмір сүріп, әлемдік бизнестің тәжірибесін көргенімен, өзінің ұлттық болмысын ешқашан кейінге ысырып қоймаған. Керісінше, қай жобасына қарасаңыз да қазақтың салт-дәстүрі, қонақжайлығы, ұлттық тағамы мен мәдениеті айқын көрініс табады. Оның «Sandyq», «Pana», «Tary» секілді жобалары – ұлттық құндылықтарды заманауи бизнес үлгісімен ұштастырудың нақты мысалы.

Мәселен, «Tary» дәмхана желісі қазақтың құнарлы тағамдарының бірі – тарыны әлемге танытуды мақсат етеді. Бұл жобаның алғашқы нүктелерінің бірі АҚШ-тың Чикаго қаласында ашылған. Кәсіпкердің айтуынша, тары қосылған шайдан дәм татқан америкалық азаматтың «Мен қазақ болып тумағаныма өкінемін!» деген сөзі де осы ұлттық тағамның өзге жұртқа қаншалықты қызық болғанын көрсетеді.

Ал «Pana» қонақүй желісі қазақтың қонақжайлығын заманауи форматта танытуға бағытталған. Бұл жоба еліміздің бірнеше қаласында жүзеге асырылып қана қоймай, шетелде де дамып келеді. Мәскеу мен Санкт-Петербургте де қонақүйлер салынуда. Мұндағы негізгі мақсат – қазақ қай елге, қай қалаға сапар шексе де, өзін туған үйіндегідей жайлы сезінуіне жағдай жасау.

«Sandyq» мейрамхана желісінің де орны бөлек. Мұнда қазақтың бай дастарханы, ұлттық тағамдары мен ас мәдениеті заманауи талаптармен үйлестірілген. Жобаны жасауға тарихшы, этнограф, географ және кәсіби аспаздар қатысқан. Руслан Арысбекұлы бұл жобаны қазақтың әлемдік деңгейдегі гастрономиялық брендіне айналдыруды көздейді. Тіпті «Sandyq»-ты қазақтың «Мишлен жұлдызын» алуға лайық мейрамхана ретінде бағалайды.

Бүгінде бұл желінің Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында орындары бар, ал Астанада да жаңа нысан бой көтеруде. Кәсіпкердің айтуынша, «Sandyq» дастарханынан әлемнің 23 елінің президенті дәм татқан.

Ұлттық мәдениетті әлемге танытатын жобалармен қатар, қарапайым халықтың күнделікті қажеттілігіне бағытталған әлеуметтік сипаттағы кәсіптері де бар. Соның қатарында «Europharma», «Emart», «Arzanmart-pharm» секілді сауда және дәріхана желілері аталады. Яғни кәсіпкерлік қызметті тек пайда табудың көзі емес, қоғамға қажетті қызмет көрсету тетігі ретінде қарастыруға болады.

Қызығы, Руслан Арысбекұлының көптеген жобасы Шымкенттен басталған. Оның бұған өзіндік түсінігі бар.

«Мен әр жобамды Шымкенттен бастаймын. Шымкентте жұмыс істей алсаң, Шымкентте сенің жобаңа сұраныс болса, дүниежүзінің кез келген жерінде де жұмыс істей аласың. Себебі шымкенттік ең қиын халық: ол үшін бәрі ең арзан, ең тәтті, ең сапалы болуы керек. Осы талапты орындай алсаң, дүниежүзінің барлық нүктесінде жұмыс істей аласың», – деген еді ол.

Бұл сөздің астарында нарықты жақсы білу, тұтынушы талабын түсіну және бәсекеге қабілетті болу туралы үлкен тәжірибе жатыр.

Руслан Арысбекұлы ұлттық мәдениетті танытудың тағы бір жолын өнермен байланыстырады. Қазақ елінің тарихын, түрлі кезеңдердегі тағдырлы оқиғаларды, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, ұлттық құндылықтарды бейнелейтін картиналар салдыруды қолға алған. Құны қымбат мұндай туындыларды өзінің қонақүйі мен мейрамханаларына орналастырады. Ал келешекте қазақ тарихы мен мәдениетін бейнелейтін осындай шығармаларды әлемнің ең танымал мәдени орындарының біріне – Франциядағы Лувр музейіне қойып, қазақты әлемге өнер арқылы танытуды армандайтынын да айтты.

Мұндай ойдың өзі үлкен жүректі, батылдықты және елге деген шынайы сүйіспеншілікті қажет етеді.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған дәрісте кәсіпкерлік пен бизнестің қыр-сыры ғана сөз болған жоқ. Жастарға білім алудың, талдауды үйренудің, жаңа дүниеге ашық болудың, бірнеше тіл меңгерудің, әлемдік тәжірибені игерудің маңызы айтылды. Сонымен бірге өз тамырынан ажырамай, ұлттық құндылықтарды заманауи дүниемен сабақтастыра білудің үлгісі көрсетілді.

Студенттер үшін бұл кездесу – жай ғана кәсіпкердің дәрісі емес, өмірлік тәжірибеден алынған үлкен сабақ болды. Өйткені бүгінгі жасқа дайын рецепттен гөрі, дұрыс ойлануды, мүмкіндікті алдын ала саралауды, жаңалықты меңгеруді және өз ұлтының құндылығын әлемге танытуды үйрететін өнеге әлдеқайда қажет.

Талдауды меңгеріп, жаңаны теңгеру – заман талабын ұлт мүддесімен ұштастырудың бір жолы. Руслан Арысбекұлының кәсіпкерлік жолы мен елге қызмет етуге деген ұмтылысы осыны аңғартқандай.

Ғалымжан ЕСҚАРАҰЛЫ,

э.ғ.к., қауымдастырылған профессор