Санат Асуат Disney-дің «Моана» фильмінде басты кейіпкердің әндерін орындады

«Әзербайжан дауысы – 2025» шоуының финалисті әнші Санат Асуат Disney студиясының жаңа «Моана» фильмінің орыс тіліндегі нұсқасында басты кейіпкердің вокалдық партиясын орындады. Фильм Қазақстан кинотеатрларында қазақ және орыс тілдерінде көрсетіле бастады.
Ascar Cinema компаниясының ұйымдастыруымен Алматыдағы Chaplin Cinemas кинотеатрында фильмнің арнайы премьерасы өтті. MEGA Alma-Ata сауда ойын-сауық орталығында ұйымдастырылған көрсетілімге қазақстандық шоу-бизнес, кино және медиа өкілдері, блогерлер мен Disney жанкүйерлері қатысты.
Премьера барысында фильмнің атмосферасына сай фотозоналар, интерактивті фотобудка және балаларға арналған шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Кештің ерекше сәттерінің бірі Назима, Индира Едильбаева және Jaman T орындаған «Along the Way» композициясы болды.
Алайда премьераның басты жаңалықтарының бірі — қазақстандық жас әнші Санат Асуаттың Disney жобасына қатысуы. Ол фильмнің орыс тіліндегі нұсқасында Моананың вокалдық партиясын орындады.
Санаттың айтуынша, бұл жоба оның бала кезінен келе жатқан арманының орындалуы болды.
«Дыбыстаудағы алғашқы тәжірибемнің дәл “Моана” болуы мен үшін ерекше қуаныш. Бұл кейіпкер маған шынымен жақын. Моана — батыл, қайсар, еркіндікті сүйетін, өз жолымен жүруге, арманы мен мақсатына қарай ұмтылуға дайын қыз. Бұл қасиеттері жағынан ол қайсар қазақ қызының бейнесіне ұқсайды», — деді Санат Асуат.
Әнші үшін фильмдегі ата-бабалармен және өз тегіңмен байланыс тақырыбы да ерекше мәнге ие. Оның айтуынша, Моананың мінезі мен құндылықтары оған жақын болғандықтан, кейіпкердің әндерін орындау шығармашылық тұрғыдан маңызды тәжірибеге айналған.
«Ең кереметі — балалық армандардың шындыққа айналатынын түсіну. Ең бастысы — оларға деген сенімді жоғалтпай, арманыңа қарай қадам басу», — дейді әнші.
Санат Асуат — Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 2026 жылғы түлегі. Ол Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиеваның вокал сыныбында білім алған.
Қазір жас әнші Қазақстанның түрлі өңірлерінде өтетін концерттер мен қайырымдылық жобаларына қатысып жүр. Алдағы уақытта авторлық альбом шығаруды және магистратурада білімін жалғастыруды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, «Моана» фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасында Моананың вокалдық партиясын Дильнура Биржанова орындады. Ал орыс тіліндегі нұсқада бұл партия Санат Асуатқа тиесілі.
«Моана» қазір Қазақстан кинотеатрларында қазақ және орыс тілдерінде көрсетіледі.




