ҚазҰУ – салауатты өмір салтын қолдайтын білім кеңістігі

Қазіргі қоғамда адам денсаулығы мен өмір сапасын арттыру мемлекет дамуының басты көрсеткіштерінің бірі. Бұл бағыт Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму мақсаттарының ішінде үшінші мақсат ретінде айқындалған. Аталған мақсат халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыруға, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға және жалпы әл-ауқатты жақсартуға бағытталған.
Жоғары білім беру жүйесі бұл үдерісте ерекше рөл атқарады. Өйткені студенттік кезең тұлғаның өмірлік ұстанымдары мен әдеттері қалыптасатын маңызды уақыт. Осы тұрғыдан алғанда, білім беру ордалары тек кәсіби маман даярлап қана қоймай, дені сау, жауапты әрі белсенді азамат тәрбиелеуге де ықпал етуі қажет. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың бірі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика жоғары бизнес мектебі, Менеджмент кафедрасы білім беру және тәрбие процесінде көрініс табуда.Кафедра қабырғасында студенттердің денсаулығын сақтау мен нығайтуға ерекше мән беріледі. Оқу ордамызда білім алушыларға қолайлы орта қалыптастырылып, олардың физикалық және психологиялық жағдайына тұрақты көңіл бөлінеді. Студенттердің денсаулығын қорғау мақсатында түрлі алдын алу шаралары ұйымдастырылады. Медициналық тексерулер, түсіндіру жұмыстары, салауатты өмір салтын насихаттайтын кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сонымен қатар жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алу, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру мәселелері де назардан тыс қалмайды.Білім ордасында спорттық инфрақұрылымның дамуы да маңызды орын алады. Заманауи спорт кешендері, жаттығу залдары мен ашық алаңдар студенттердің белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Түрлі спорттық жарыстар мен секциялар жастарды тек физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да шыңдайды. Мұндай ортада қалыптасқан студент өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын тұлға ретінде өседі.Психологиялық қолдау да қазіргі білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналған. Университетте арнайы мамандар студенттерге кеңес беріп, олардың эмоционалдық жағдайын тұрақтандыруға көмектеседі. Бұл әсіресе оқу жүктемесі жоғары кезеңдерде маңызды. Жастардың ішкі күйін түсіну және қолдау көрсету олардың жалпы әл-ауқатына оң әсер етеді.Аталған бағытта ҚазҰУ қабырғасында да жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Оқу ордамызда студенттердің денсаулығын сақтау мен нығайтуға арналған кешенді бағдарламалар енгізілген. Университет аумағында медициналық қызмет көрсету, спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру арқылы жастардың белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасалған.Сонымен қатар, білім беру процесінде денсаулық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған пәндер мен жобалар да қамтылған. Студенттер тек теориялық білім алып қана қоймай, өз өмірінде қолдана алатын дағдыларды меңгереді.
Жалпы алғанда, денсаулық пен әл-ауқат мәселесі – тек медицина саласының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бұл бағытта білім беру жүйесінің рөлі айрықша. Жастардың саналы көзқарасын қалыптастыру арқылы ғана тұрақты дамуға қол жеткізуге болады.Қорытындылай келе, сапалы білім мен дені сау ұрпақ бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Осы үйлесімділікті сақтай отырып, болашақ мамандарды даярлау қоғамның тұрақты дамуына берік негіз қалайды.
Баймбетова А.А. PhD
Кусмолдаева Ж.Н. PhD
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Экономика және жоғары бизнес мектебі, Менеджмент кафедрасы




