Көкжөтел – себептері, белгілері, диагностикасы және емі

Көкжөтел – тауыз қуысында, мұрында және көмейде өмір сүретін Bordetella pertussis бактериясы тудыратын өте жұқпалы тыныс алу жолдарының ауруы. Инфекция көзі көкжөтелдің типті немесе атипті түрлерімен ауыратын науқас адам немесе дені сау бактерия тасымалдаушылар. Инфекция адамнан адамға оңай, негізінен ауа тамшылары арқылы беріледі. Қоздырғыш түшкіру және жөтел кезінде қарқынды бөлінеді.
Көкжөтел ең жұқпалы аурулардың бірі. Науқаспен байланыста болған кезде сезімтал адамдарда ауру 90-100% жағдайда дамиды. Көбінесе мектеп жасына дейінгі балалар жиі ауырады. Аурудың шамамен 5% ересектерге келеді. Көбінесе ересектер екпе алмаған, соның ішінде екпеге жасы әлі жетпеген балалар үшін инфекция көзі болып табылады. Инкубациялық кезеңі 2 күннен 3 аптаға дейін (жиі 7-10 күн). Науқастар 1-ден 25-ші күнге дейін қауіпті – жұқпалы. Бұл ауру ерте жастағы балалар үшін өте қауіпті, өйткені көкжөтел ұстамалы, өте қысқа интервалмен өтеді, бала толық дем алып үлгермейді, бұл тұншығуға әкеледі.
Көкжөтелдің алғашқы белгілері ерекшеленбейді және жіті респираторлық инфекцияларға ұқсас, аздап дене қызуының көтерілуі, мұрыннан су ағу, жөтел болады, сондықтан нақты диагноз қою қиын. Біртіндеп жөтел күшейіп, 2-ші аптаның соңында жөтелдің ұстамалары басталады. Ұстама кезінде баланың беті көгеріп, мойын тамырлары кеңейіп, көздеріне қан құйылып, тілі аузынан шығып, тілдің жүгені жиі жарақаттанады, сонымен қатар тұншығу дамып, тыныс алу тоқтап қалуы мүмкін. Жөтел ұстамалары 1 айдан 3 айға дейін созылады.
Жұқпаның ауыр ағымында бірқатар өте қауіпті асқынудың даму қаупі жоғары: Ұстамалы жөтелдің әсерінен жұлын мен миға, көз склерасына, бет терісіне қан құйылуы, мұрыннан қан кетуі, тыныс алу жолдарының жарылуы, тік ішектің және кіндік немесе шап жарығы болуы, өкпе дұрыс жұмыс істемеуі (эмфизема) мүмкін.
Көкжөтелден баланы қорғаудың ең тиімді жолы – вакцинация. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес көкжөтелге қарсы вакцинация 2, 3, 4, 18 ай және 6 жаста жүргізіледі. Вакцинациясыз кез-келген адам ауруға шалдығуы мүмкін. Сондықтан арнайы иммунитет қалыптастыруды ерте бастау қажет.
Индира Кунбасова,
Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары.



