KOMPAS Touroperator алғаш рет «Умра + Круиз» турын ұсынды

KOMPAS Touroperator тұңғыш рет ТМД аумағында ерекше форматтағы «Умра + Круиз» туры іске қосылды. Жаңа бағдарлама қажылыққа (умра) Мекке мен Мәдинаға баруды және алғашқы арабтық круиздік лайнер — Aroya Cruises-те демалысты біріктіреді.

Сауд Арабиясы 2019 жылдан бастап халықаралық туристерге есігін ашқан болатын. Енді Қазақстан мен ТМД елдерінің саяхатшылары рухани құндылық пен отбасылық демалысты қатар ұсынатын жаңа саяхат үлгісін таңдай алады.

KOMPAS Touroperator соңғы екі жылда халал-туризм бағытында белсенді жұмыс істеп келеді. Компания қажылық пен умра пакеттерін ғана емес, халал-отельдердегі демалыстар мен Рамазанға арналған арнайы турларды да ұйымдастыруда.

Жаңа маусым шілдеде басталып, келер жылдың сәуір айының соңына дейін жалғасады. «Умра + Круиз» туры Қазақстан нарығында баламасы жоқ өнім болып саналады. Ол тек мұсылмандарға ғана емес, ислам мәдениетімен танысқысы келетін өзге дін өкілдеріне де қызық болмақ. Меккеге кіру тек мұсылмандарға рұқсат етілгенін айта кеткен жөн.

KOMPAS-тың Халал-туризм департаментінің жетекшісі Гүлфайрус Сариева жаңа бағыттың ерекшелігін атап өтті:
«Бұл – құлшылық пен демалысты біріктіретін ерекше мүмкіндік. Умра кез келген уақытта жасалатын ғибадат, ал круизде халал-сервис, бөлек бассейндер, намаз бөлмелері мен отбасылық демалысқа жағдай жасалған», – деді ол.

Тур бағдарламасы:

  • Алматы мен Астанадан Джиддаға тікелей рейс;

  • Aroya Cruises лайнерінде 3–4 түн халал-сервисті толық пансион;

  • Мекке (мұсылмандар үшін) мен Мәдинаға зиярат, қасиетті орындар маңындағы қонақ үйлерде тұру;

  • Джидда мен Мәдина бойынша экскурсиялар.

KOMPAS Touroperator халал-туризмді дамыту арқылы мұсылман отбасыларына алкогольсіз, құмарсыз әрі рухани мағынасы бар саяхат ұсынуды басты миссия деп біледі. Компанияның айтуынша, жаңа тур сапарды қолжетімді, жайлы және мазмұнды етеді.