Кореялық әртістер «Астана Опера» сахнасында ұлы Абайдың әндерін шырқайды

Елордалық көрермендер дәстүрлі корей әндерімен, билерімен және аспаптық өнерімен таныса алады. 20 қарашада «Астана Опера» театрының К.Байсейітова атындағы Камералық залы сахнасында Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің Корей мәдени орталығы және Ұлттық корей дәстүрлі музыкасы орталығының ұйымдастыруымен Touring K-Arts жобасы аясында «Корея музыкасы, билері мен әндері» концерті өтеді.

– «Астана Опера» еліміздің бас театры ретіндегі қызметін белсенді жүргізумен қатар, халықаралық шығармашылық байланыстарға да әрдайым ашық. Осы жоба қатысушыларын өз сахнамызда қарсы ала отырып, елордамыздың мәдени өміріндегі осынау маңызды шараға қолдау білдіретінімізге қуаныштымыз. Қала тұрғындары мен қонақтары корей халқының бай мәдени мұрасымен жақынырақ танысқанын қалаймыз, – деп атап өтті «Астана Опера» театрының директоры Александр Совостьянов.

Айта кететін жайт, бұл Корей мәдени орталығының «Астана Операмен» алғашқы мәдени ынтымақтастығы емес.

– Корей мәдени орталығы ұзақ жылдар бойы «Астана Опера» театрымен бірлескен жобаларды жүзеге асырып, осылайша қазақстандық көпшілікке опера, заманауи хореография және дәстүрлі корей музыкасы жанрларындағы концерттерді ұсынып келеді. Оның ішінде әр жылдары таныстырылған «Музыкалық шабыт» Корея мен Қазақстанның классикалық және дәстүрлі музыкасы кеші, «Норым мачи» корей дәстүрлі соқпалы аспаптар ансамблінің концерті, әлемге әйгілі сопрано Суми Чоның қатысуымен өткен Гала-опера бар. Сондай-ақ баритон Чжунхек Феликс Пак жуырда театрдың Үлкен залы сахнасында өткен Джузеппе Вердидің «Риголетто» операсының премьерасында өнер көрсетті. Біздің орталық бұл нәтижелі ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыруға ниетті, – деп пікірін білдірді Корея Республикасының Қазақстандағы Елшілігі Корей мәдени орталығының директоры Ку Бон Чхоль. – Алдағы концерт – ерекше оқиға. Оған дәстүрлі корей музыкасы мен биінің дарынды орындаушылары қатысады. Қазақстандық көрермендер үшін бұл өнер көрсету осындай шоуды тамашалауға алғашқы мүмкіндік болмақ. Шара «Touring K-Arts» жобасы аясында Корея Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігі мен Корей халықаралық мәдени алмасу қорының (KOFICE) қолдауымен жүзеге асырылатынын атап өтуіміз қажет.

Бұл күні Ұлттық корей дәстүрлі музыкасы орталығы («Кугак») ұйымдастырған дәстүрлі музыка мен би бойынша «Оннара» ұлттық байқауының лауреаттары – Хвиcо Ли, Минсон Чо, Чжэхёк Пак, Соджин Ким, Сухо Ли, Хонджу Чон, Тэджу О, Сумин Чон, Йесо Бён, Чиын Ли мен Ханыль Но көрермендердің алдында өз өнерлерін паш етеді.

Концерттің қызықты әрі сан алуан бағдарламасы корей өнерінің барлық тереңдігі мен әсемдігін жеткізу үшін дәстүрлі музыка, вокал және биді қамтиды. Мұнда корей халық әндерін орындауға айрықша назар аударылған. Осының арқасында тіпті бұл халықтың дәстүрлі музыкасымен бұрын таныс болмаған көрермендер де оның эстетикасы мен ішкі тереңдігін шынайы сезіне алады.

Бұл күні көпшілік ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енген дәстүрлі корей музыкалық аңызы – «Сугунга» («Дәрілер туралы әннен» үзіндіні) пхансориін тыңдай алады. Бұдан бөлек, нөмірлердің қатарында корей халқының ішекті аспабы ачэнге арналған жеке аспаптық туынды – «Ачэн санчо» бар. Бүгінгі күні Кореяның символына айналған «Ариран» халық әні, сондай-ақ терең ішкі толғанысты жеткізетін «Чанханга» лирикалық биі бағдарламадан айрықша орын алған.

Ал концерт соңында кореялық әртістер қазақ халқына деген құрмет пен достықтың белгісі ретінде, сонымен қатар Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай оның «Желсіз түнде жарық ай» және «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін орындайды. Бұл өнер көрсету қазақтың ұлттық аспаптары – жетіген және қобызбен сүйемелденеді. Мұндай өзара мәдени алмасу көрермендер үшін ғана емес, сондай-ақ әртістер үшін де ұмытылмас оқиға болатыны анық.