Күн барлығына нұрын төгеді

2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні «Астана Опера» мен «Abaqus-daryn» білім қоры «Күн барлығына нұрын төгеді» дәстүрлі қайырымдылық концертін өткізеді. Бұл күні ерекше қажеттіліктері бар балалар өз шеберліктерін паш ету үшін К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасына шығады.

«Астана Опера» өз қызметінде қайырымдылық мәселесіне айрықша мән береді. Бірнеше жылдан бері театр қайырымдылық концерттерін өткізеді, сондай-ақ ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы отбасыларға, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап басқа да игі шараларды ұйымдастырады.

– «Астана Операмен» әріптестігіміз осыдан үш жыл бұрын басталды және ол бүгінге дейін жемісті жалғасып келеді. Көрсеткен қолдауы үшін аутизмі бар барлық балалардың ата-аналарының атынан театрға зор алғыс айтамын. Жыл сайын бұл концертті балалар да, ата-аналар да асыға күтеді. Сондай-ақ концерт аясында театр фойесінде балалардың қолдан жасаған бұйымдары мен салған суреттерінің көрмесі өтеді, — деп хабарлады «Abaqus-daryn» білім қорының жетекшісі Дархан Әжмолдаев. Ол келтірген статистикаға сүйенсек, дүние жүзінде әрбір 200 баланың біреуінен аутизм анықталады екен. Осы ретте айта кетейік, аутизм – дерт емес, бұл жүйке жүйесінің туабітті бұзылысы. Егер аутизм ауру болса, оған диагноз қойып, емдеуге болатын еді, өкінішке қарай ол тек түзеуге ғана келеді. Аутизмі бар балаларды қоғамдық ортаға бейімдеудің бір тәсілі – бұл оларды музыкаға баулу

– Биылға дейін қайырымдылық концертіне Астанадағы аутизмге, балалардың церебралдық параличіне шалдыққан, сөйлеу, есту және көру мүшелерінде кемістігі бар балалар қатысып келді. Енді, осы жылдан бастап барлық Қазақстан бойынша мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер мен ересектердің арасынан да дарындарды іріктеп, алда болатын концертке қатысуға шақырғымыз келеді. Былтырдан бері біздің орталықтағы балалар музыкалық терапиядан өтуде. Соның арқасында орталыққа келетін балаларды байқауларға, түрлі фестивальдерге қатыстырып, осылайша балалардың өздеріне де, ата-аналарына да көмегімізді тигізіп жатқан жайымыз бар. Біздің қорда ABA-терапиясын үйренген мамандар қазір еліміздің түкпір-түкпірінде аутизмі бар балалармен жұмыс істеуде, — деп қорытындылады қор жетекшісі Дархан Әжмолдаев.

«Күн барлығына нұрын төгеді» концертіне елордадан және еліміздің өңірлерінен жеке орындаушылар мен аспапшылар, би ұжымдары қатысады деп жоспарлануда. Атап айтсақ, Астанадағы «Естімейтін бишілер театрының» «Silent» тобы «Көзімнің қарасы» қазақ биін ұсынса, туабітті миопия дертіне шалдыққан жасөспірім Алмас Балмағанбетов жонглерлік өнерін ортаға салады. Аутизм диагнозы бар өскемендік Родион Малендор «Балалар, шеңберге тұрыңдар» шығармасын фортепианода орындайды. Бала күнінен сал ауруымен ауыратын Айдана Тұрсынова (Абай облысы) «Анашым» әнін орындауға дайындалуда. Бұдан бөлек «Инклюзивтік хореография» жобасы аясында Қарағандыдан келетін ерекше қажеттіліктері бар балалар аналарымен вальс билейді.

Осылайша, елордалық театр концерттің барлық қатысушыларын өзінің қайталанбас ғажайып атмосферасына бөлеп, балалар мен олардың ата-аналарына мерекелік көңіл күй мен қуаныш сыйлайды.