«Қыс-2023»: Қонаев қаласында қыс маусымына дайындық қалай?

Алматы облысында «Қыс-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Аталған шара 2 күнге созылмақ.

Оқу-жаттығу аясында Қонаевта қоғамдық тәртіпке жауапты полиция қызметкерлер, жол және көпір қызметі, ақпарат қызметі, төтеншеліктер, коммуналдық қызметшілер және т.б. құрылымдар сап түзеді. Жалпы шараға 100-ден астам адам мен 20 техника жұмылдырылды.

Іс-шараға Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет арнайы қатысты. Ол мамандармен тілдесіп, қысқы мезгілде қардың уақытылы тазартылуы өзекті мәселе екенін айтты. Сондай-ақ әкімнің орынбасары төтенше жағдайлар орын алмауын жіті қадағалауды тапсырды.

Жалпы бұл шараның негізгі мақсаты — азаматтық қорғау жүйесінің және халықтың қысқы кезеңде төтенше жағдайларды жоюға дайындығы мен қабілетін арттыру, азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының қысқы кезеңдегі ТЖ-ға ден қою дайындығын тексеру.

Ертең Қарасай ауданында оқу-жаттығу өз жалғасын таппақ.

Айта кетейік, Қонаев қаласы бойынша:
• апаттық-қалпына келтіру бригадасында 52 адам, 20 бірлік арнайы техника;
• ТЖБ және №1 Өрт сөндіру бөлімі — жеке құрамда 45 адам және 13 арнайы техника;
• жедел-құтқару жасағы — 9 бірлік автокөлік, 16 бірлік жүзу құралдары, 3 қарда жүретін көлік қызмет етеді. Бұдан бөлек, қалада 16 дабыл құрылғысы орнатылған.