Маэстро Ерлан Бақтыгерей: «Опералия» фестивалінің атағы бүкіл әлемге жайылсын деп тілеймін»

Елордалық «Астана Опера» «Опералия» халықаралық музыкалық фестивалі аясында өз сахнасында Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрін қарсы алды. 4 маусымда қарағандылық ұжым көрермендерге атақты композитор С.Мұхамеджановтың 100 жылдығына арналған «Дархан дала» концертін тарту етті.

Керемет кеште шақырылған солист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали мен басқа да дарынды әншілер өнерлерін паш етті. Сондай-ақ әріптестерімен бірлесіп «Астана Опера» опера труппасының солистері мен хор әртістері де сахнаға шықты. Көрермен қауым барлық қатысушыларға, сондай-ақ ұжымды басқарып, концерттің бір демде өтуіне атсалысқан Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, 2009 және 2023 жылдардағы «Жыл дирижері» атағының иегері Ерлан Бақтыгерейдің шеберлігі мен кәсіпқойлығына тік тұрып қол соқты.

Музыкалық кеш аяқталғаннан кейін маэстро Ерлан Бақтыгерей Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің «Опералия» фестиваліне қатысуы, ұжым үшін Сыдық Мұхамеджанов шығармашылығының маңыздылығы және фестивальден алған әсері жайлы айтып берген еді.

— Біздің ұжымның ұзақ жылдық шығармашылық тарихы барын атап өткім келеді. Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің тұсауын 1988 жылы атақты КСРО Халық әртістері Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Шамғон Қажығалиев кесті. Оның ішінде Шамғон Сағаддинұлы 1991 жылдан өмірінің соңына дейін осы оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болып жұмыс атқарды. Біздің оркестрдің тарихы да, репертуары да өте бай, қазіргі таңда оның құрамында 70-тен астам адам жұмыс істейді, — деп әңгімесін бастады Ерлан Бақтыгерей. – Біз көп жылдан бері опера және оперетта жанрларымен айналысып келеміз. Репертуарымызда халық аспаптар оркестрімен бірге орындайтын «Қыз Жібек» операсы бар. 2013 жылы ТҮРКСОЙ ұйымымен бірігіп атақты әзербайжан композиторы Узеир Гаджибековтің «Аршин мал алан» опереттасын қазақ халық аспаптар оркестріне түсірдік. Бұдан бөлек, К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының сахнасында Нұрғиса Тілендиевке арналған балеттік спектакльді жасауға қатыстық.

— Өздеріңіз білетіндей, биыл Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 100 жыл толады. Ол Қарағанды облысының тумасы болғандықтан, біз оны ерекше мақтан тұтамыз. Ол өз туындыларында комедия жанрына ерекше мән берген. Мәселен, «Айсұлу» операсындағы Серкенің каватинасында балдыз бен жезденің арасындағы әзіл-қалжың өте жарасымды көрініс тапқан. Бұдан бөлек, Сыдық Мұхамеджанов бірінші болып қазақ халық аспаптар оркестріне, домбыра мен қобызға арнап концерт жазған. Оның оркестрге арнап жазған музыкалық поэмаларының жас ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор. Оның әр шығармасында қазақ даласының самал желі есіп, жусанының иісі аңқып тұрады. Міне, осындай ұлы классиктің мерейтойы қарсаңында «Астана Опера» театрында өтіп жатқан «Опералия» фестиваліне қатысуға шақырту алдық. С.Мұхамеджановтың шығармаларынан, сондай-ақ онымен достық қарым-қатынаста болған композиторлардың туындыларынан және де қазақтың халық әндері мен күйлерінен құрылған үлкен бағдарламаны дайындадық, — деді бас дирижер.

«Опералия» фестиваліне Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрімен бірге Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің әншілері де келіп, «Дархан дала» концертінде тамаша өнер көрсетті. Олардың қатарында Қазақстан мен Моңғолияның Мәдениет қайраткері Меруеш Башай, халықаралық байқаулардың лауреаты Рысты Рақымжан, «Құрмет» орденінің кавалері Сержан Мұсайын да бар. Сондай-ақ «Астана Опера» опера труппасының солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова, Бибігүл Жанұзақ, Жанат Шыбықбаев, «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, халықаралық байқаулардың лауреаты Әлихан Зейнолла осынау керемет концертке көрік берді. Кеш бағдарламасын танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқалидің және Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі мен «Астана Опера» хорының орындауындағы Ж.Жабаевтың сөзіне жазылған Ж.Тұрсынбаевтың «Бірлігің болсын, ағайын» кантатасы аяқтады.

Өз сөзінде бас дирижер бағдарламаның түйіні ретінде «Бірлігің болсын, ағайын» кантатасын таңдап алу себебі – баршаға халықтың ынтымақ-бірлігінің маңыздылығын ұғындыру екенін атап өтті.

Сондай-ақ ол «Опералия» фестиваліне симфониялық оркестрлерді ғана емес, 50-ден астам мемлекетте өз тыңдаушыларын тапқан қазақ халық аспаптар оркестрін де қосқаны үшін «Астана Опера» басшылығына ризашылығын жеткізді.

— Бұл фестиваль елімізде жиырма жылдан бері өткізіліп келеді, оның ойдағыдай жалғаса беруіне тілекшімін. Елордамыздың төріне әлемнің түпкір-түпкірінен керемет музыканттар мен әншілер келіп, дархан даламыздың жұпар ауасын жұтып, оның атағын әлемге шығара берсін, халқымыздың өнері биіктей берсін деп тілеймін, — деп қорытындылады маэстро Е.Бақтыгерей.