Медициналық қалдықтар дегеніміз не?

Медициналық қалдықтар – емдеу алдын алу ұйымдарында медициналық қызмет көрсету және медициналық манипуляциялар жүргізу процесінде пайда болатын қалдықтар.

Медициналық қалдықтар және оларды реттеу эпидемиологиялық және экологиялық қауіпсіздік үшін маңызды. Медициналық қалдықтар мәселесіне ерекше мән берген дұрыс, өйткені олардың құрамында адам мен қоршаған ортаға қауіпті жұқпалы, уытты, радиоактивті компоненттер болуы мүмкін.

Медициналық ұйымдарда медициналық қалдықтарды жинау, кақытша сақтау және шығару Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі бекіткен санитариялық-гигиеналық ережелерінің талаптарын сәйкес жүргізілуі тиіс.

Медициналық қалдықтар қауіптілік деңгейі бойынша 5 қауіптілік класына бөлінеді:

«А» кластағы медициналық қалдықтар – коммуналдық-тұрмыстық қалдықтардан құрамы бойынша ерекшеленбейтін, қауіпті қасиеттері жоқ қалдықтар;

«Б» класындағы медициналық қалдықтар – эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар (инфекцияланған және әлеуетті инфекцияланған қалдықтар);

«В» класындағы медициналық қалдықтар – төтенше эпидемиологиялық қауіпті медициналық қалдықтар (аса қауіпті және карантиндік инфекциялық аурулармен ауыратын науқастармен жанасқан, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында төтенше жағдайлардың пайда болуына алып келуі мүмкін және аумақты санитариялық қорғау бойынша іс-шараларды жүргізуді талап ететін материалдар);

«Г» класындағы медициналық қалдықтар – токсикологиялық қауіпті медициналық қалдықтар (пайдалануға жатпайтын дәрілік, оның ішінде цитостатиктер, диагностикалық, дезинфекциялаушы заттар. Құрамында сынап бар заттар, аспаптар мен жабдықтар.Фармацевтикалық өндіріс шикізаттары мен өнімдерінің қалдықтары. Жабдықтарды, көлікті, жарықтандыру жүйелерін пайдаланудан түскен қалдықтар);

«Д» класындағы медициналық қалдықтар – радиоактивті медициналық қалдықтар (Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасында белгіленген радиоактивті заттар үшін регламенттелген мәндерден асатын саны мен концентрациясы бар радиоактивті заттар). Медициналық қалдықтар тиісті талаптарға сәйкес келетін, тұтастығы сақталған, арнайы таңбалары бар контейнерлерге (ыдыстарға) жиналуы қажет.

Медициналық қалдықтарды тиісті рұқсаты (лицензиясы) бар мамандандырылған ұйымдар әкетуі тиіс. Ондай ұйымдардың медициналық қалдықтарды өңдеп, кәдеге жарататын арнайы қондырғылары, автокөліктері болуы қажет. Қалдықтарды арнайы қондырғылардан тыс жерлерде өртеуге тыйым салынады.

Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін қауіптілік класына сәйкес медициналық қалдықтармен жұмыс істеу ережелерін қатаң сақтау қажет.

Залалсыздандырылмаған қалдықтар полигондарға, қоқыс тастайтын жерлерге, контейнер алаңдарына ашық түрде тасталған жағдайда адамға және қоршаған ортаға қауіп төндіретінін ұмытпайық.

Индира Кунбасова,

Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары.