Медициналық пойыз дәрігерлері 2 000 ауыл тұрғынынан қауіпті және созылмалы ауруларды анықтады

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 104 ауылдың 83 мыңнан астам тұрғынына тегін көмек көрсетті. Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Алты айлық жұмыстың нәтижесінде пойыз дәрігерлері пациенттерде жылдар бойы белгісіз дамып келе жатқан ауруларды анықтады. Медициналық деректерге сәйкес, 1012 пациенттен әртүрлі жаңа өскіндер табылды, 10 әйелден сүт безінің қатерлі ісігі анықталды, 390 тұрғыннан алғаш рет қант диабетінің түрлі типтері тіркелді, 700 адамға глаукома диагнозы қойылды.

Пойыз дәрігерлерінің кәсібилігінің арқасында диагноздар уақтылы қойылып,  пациенттер жүйелі ем алуға бағытталды.

Пойыз құрамында жалпы және тар бейінді 29 маман жұмыс істейді. Арнайы жасақталған вагондарда УДЗ, ЭКГ, флюорография, гастрофиброскопия, зертханалық талдаулар және басқа да тексерулер қолжетімді, қажет болған жағдайда шағын хирургиялық операциялар жасалады.

Медициналық көмектен бөлек, ауыл тұрғындарына тегін заңгерлік кеңестер де көрсетіледі. Алты ай ішінде заңгерлер мен медиаторлар 3503 азаматқа көмек берді, олардың 2360-ы – әйелдер.

Мамандар бірнеше маңызды әлеуметтік-құқықтық мәселені шешуге ықпал етті. Мысалы, Қостанай облысында көпбалалы анаға «Күміс алқа» атағын рәсімдеуге көмектесті. Шығыс Қазақстан облысында тұрмыстық үй мен жер учаскесіне қатысты бірнеше ай бойы шешілмеген құжат мәселелерін жедел түрде реттеуге жәрдем берілді.

«Саламатты Қазақстан» жобасы 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және шалғай өңір тұрғындарына медициналық әрі құқықтық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорының және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады. Пойыздың өзекті қозғалыс кестесі www.medpoezd.kz сайтында жарияланған.