«Мектепке жол» қамқорлықтан басталады

Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының КММ «Жан-Сая» дағдарыс орталығында «Мектепке жол» акциясы аясында іс-шара өтті.

Орталықта тұратын балалар үшін жаңа оқу жылы ерекше көңіл-күймен басталды. Іс-шара барысында шағын концерттік бағдарлама ұсынылып, балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар салтанатты түрде табысталды.

«Жан-Сая» дағдарыс орталығында 8 әйел мен 21 бала тұрады. Оның ішінде 11 бала — мектеп жасындағы балалар. Жаңа оқу жылы қарсаңында олар үшін мектеп формасы, аяқ киім, рюкзак, кеңсе тауарлары және оқуына қажетті өзге де керек-жарақтар дайындалды.

Іс-шараны өткізуге Түрксіб ауданының әкімдігі, «Каритас Қазақстан» қоғамдық қоры, қазақстандық қоғам белсендісі, кәсіпкер, коуч-мотиватор Алтын Каникар, «Mrs Kazakhstan 2026» байқауының финалисі, бизнесвумен және «Nazimen» брендінің негізін қалаушы Назира Зару қолдау көрсетті.

Бала үшін жаңа оқу жылы тек жаңа форма мен мектеп құралдары ғана емес. Бұл — өзіне қамқорлық жасалып жатқанын сезіну, жанында қолдайтын жандардың бар екенін білу және жаңа білім мен армандарға қарай сеніммен қадам басу.

«Жан-Сая» дағдарыс орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға кешенді көмек көрсетеді. Орталық жұмысын бастаған 2017 жылдан бері мұнда 1 200-ден астам әйел мен 2 295 бала әлеуметтік қызметтер алды.