Мемлекеттік қаржыландыруға үміткер киножобалардың тізімі жарияланды

Отандық режиссерлердің 115 киножобасы 2023 жылғы питчингке өтті. Олардың үздігі мемлекеттік қаржыландыруға ие болады және ұлттық фильмдер ретінде танылады.

Конкурсқа қатысуға өтінімдер 9-29 тамыз аралығында қабылданды. Айта кетейік, осы кезеңде киноиндустрия өкілдері үшін төрт бағыт бойынша консультациялық қолдау ұйымдастырылды: Киноорталығының Алматы және Астана қалаларындағы кеңселерінде жеке консультациялар, телефон арқылы, әлеуметтік желі арқылы онлайн қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, киножобаларды іріктеу ережелерін түсіндіру мақсатында ашық семинар-тренинг өтті.

«Электронды түрде тіркелген өтінімдердің жалпы саны – 271, оның ішінде қағаз жүзінде 261 өтінім келіп түсті. Құжаттарды тексеру қорытындысы бойынша 115 киножоба питчингке өтті. Енді оларды Сараптамалық кеңес мүшелері 8 қыркүйектен бастап 3 қазанға дейін қарастырады. Іріктеу кезеңінен өтпеген қатысушыларға үш жұмыс күні ішінде ресми хаттар жіберіледі, онда өтінімдерді қабылдамау себептері көрсетіледі», – деп хабарлады Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз қызметі.