Мұнайлыда облыстың ең мықты келіні анықталды

Мұнайлы ауданында ата-бабамыздан мұра болып қалған әдет-ғұрпын, салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттау мақсатында , қазақ еліне тән инабаттылық, ізеттілік, тапқырлық, ақылдылық, жауапкершілік сынды қасиеттерді дәріптейтін облыстық «Пай, пай қазақтың келіндері-ай» атты байқауы өтті. Байқауды Маңғыстау облысы әкімі жанындағы «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат» жөніндегі комиссияның, «Жаңаөзен политехникалық колледж басшысы», Жаңаөзен «Аналар кабинеті » төрайымы Тілектес Болатбаева ұйымдастырып, шараға Мұнайлы ауданы әкімдігі және Маңғыстау облыстық «Аналар кеңесі» қолдау көрсетті.
 Сайысқа өңіріміздің түкпір-түкпірінен  отбасының ұйытқысы болып, жан-жақтылығымен танылып жүрген келіндер қатысып, бақтарын сынады.
Атап айтсақ:
1 . Мұнайлы ауданынан —  Айдана Жарылғап;
2. Маңғыстау ауданынан – Мәдина Қабидолла;
3. Маңғыстау ауданынан – Ақжүніс Нұрлыбекова;
4. Мұнайлы ауданынан – Гүлдана Өскін;
5. Түпқараған ауданынан – Аян Жеткізген;
6. Жаңаөзен қаласынан —  Айдана Андреева қатысты.
Аталған шараның шымылдығын облыстық мәслихат депутаты —  Пания Сармурзина және Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары — Сара Ноғайқызы  ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқауға «Маңғыстау облысының қолөнер шеберлері одағының» президенті —  Ауес Сағинаева бастаған, қара қылды қақ жарған қазылар алқасы төрелік етті.
Байқау шарттары бойынша келіндер 4 кезең бойы өнерін ортаға салды. «Мен қазақтың келінімін» атты алғашқы бөлімде келіндер өзін креативты түрде таныстырды. «Өнерлі келін -өнегелі келін!» бөлімінде нәзік жанды арулар қазақтың ұлттық салт дәстүріне бейімділігін көрсетіп, ши тоқып, ұршық иіріп, кесте тігіп, ән айтып, поэзия оқып, бойындағы дарынын паш етті. Бұдан кейін, қатысушылар үй жұмысына ұлттық тағамдарды даярлау шеберлігінен сынға түсті. Қазақтың ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарын дайындау жөнінде алдын-ала берілген тапсырмаға сай әзірленген бейнероликтерін көрсетіп, сол бейнетүсірілімде өз қолымен дайындаған тағамдардың дәмін татқызды. Сондай-ақ, қойдың, жылқынының жүрегінен жаужүрек тағамын дайындап, пешке таба нан жауып, ет асып, бас тартып, ұмыт болып  жатқан ұлттық тағамдарды пісіріп, аспаздық қабілетін танытты.
Отбасылық өмірде кездесетін жағдайларға байланысты, ситуациялық сұрақтарға жауап беретін соңғы бөлімде келіндердің логикалық ойлау, тіл байлығы, мақал-мәтелдермен ұштастыра білуі бағаланды. Тосыннан түскен сұрақтарға арулар байсалдылықпен, даналықпен жауап беріп, көрермендірді таңдандырды.
Қызу өткен байқау нәтижесі бойынша:
«Жаңа заман келіні» номинациясымен  Мұнайлы ауданынан — Айдана Жарылғап, «Өнерпаз келін» номинациясымен  Маңғыстау ауданынан — Ақжүніс Нұрлыбекова марапатталды. III орынды Маңғыстау ауданынан — Мадина Қабидолла, II орынды Түпқараған ауданынан — Аян Жеткізген,  I орынды Мұнайлы ауданынан —  Гулдана Өскін  иеленді. Ал Жаңаөзен қаласынан келген Айдана Андреева бас жүлде иегері атанды. Барша қатысушылар арнайы дипломдар  және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.