Мыңдаған жанның жүрегін жаулаған мұңайған ат

Қытайдың бір фабрикасынан шыққан кішкентай ғана жұмсақ ойыншық күтпеген жерден бір елдің ғана емес, тұтас әлемнің жүрегін жаулап алды. Сырт көзге қарапайым көрінген 2026 жылдың нышаны жұмсақ ат күлкі сыйлаудың орнына адамдарға мүлде басқа эмоция сыйлады.

Бүгінде жұрт оны қолына алып, құшағына басып, жылулық сыйлауға асығып жүр. Себебі оның жүзінде бір өзгеше мұң бар. Көздері жәутеңдеп, аузы сәл төмен қарай қисайып, үнсіз мұңайып тұрғандай. Дәл осы ерекшелігі оны жай ғана ойыншықтан гөрі мейірім мен түсіністіктің символына айналдырды.

Алғашында бұл ат мерекелік көңіл күй сыйлауға арналған еді. Жаңа жыл қарсаңында қуаныш пен сәттіліктің тұмары болуы тиіс ойыншық тігін кезінде кеткен болмашы ғана «қателіктің» салдарынан көптің назарын өзіне аударды. Жасанды шаттық емес, шынайы мұң адамдардың көңілінен шықты. Көпшілік оның жүзінен өзін көргендей әсер алды.

Әлеуметтік желіде тараған суреттер мен бейнежазбалардың астында «Бұл ат — менмін ғой», «Өзімнен аумай қалыпты» деген пікірлер қаптап кетті.

Неге бұлай болды екен? Аттың жүзіне ұзақ қарап отырып, мен де өзімді көргендей болдым. Себебі күнделікті күйбең тірлік ішінде біз шынайы күлуге, эмоциямызды еркін білдіруге көп жағдайда асықпаймыз. Ойымыз сан тарапта, бар назарымыз тіршілік қамында. Тек мереке-мейрамда ғана бір сәтке мәз болып, қуанышқа ортақтасамыз. Бірақ ол күй ұзаққа бармайды.

Заман талабы осы: уақыт тығыз, қарбалас көп. Өзімізге де, жақындарымызға да жеткілікті көңіл бөле бермейміз. Арман-ниеттер бар, бірақ түрлі себептермен кейінге қалып жатады. Өз уайымымыз аздай, күн сайын негативке толы ақпаратты оқып, көңіліміздің қалай түсіп кеткенін де аңғармай қаламыз.

Сырт көзге күлімдеп жүргенімізбен, ішімізде небір боран мен тұман бар. Ал мына мұңайған ат сол жалған күлкіге қарсы тұрғандай. Ол әлсіздігін жасырмайды. Сол үшін де адамдар оны жатсынбай, керісінше өзіне жақын сезінді.

Мұңайған ат – күнделікті тірлік, күйзеліс, үміт пен күдік қатар жүрген дәуірдің бейнесі. Ол ештеңе айтпайды, бірақ үнсіз кейпімен көп дүниені ұқтырады. Бір қарағанда жай ойыншық. Ал шын мәнінде – тұтас бір ұрпақтың көңіл күйі мен қазіргі заманның ішкі портреті.

© Lyu Bin/XinHua/www.globallookpress.com

Деректерге сүйенсек, бастапқыда фабрика басшылығы бұл өнімді қайтарып алмақ болған. Алайда сұраныс күрт артты. Адамдар дәл осы «мұңайған» нұсқасын іздей бастады. Осылайша қателік коммерциялық табысқа айналды. Бірақ одан да маңыздысы – ол мәдени феноменге ұласты.

Бүгінде бұл ат тек балалардың қолындағы жұмсақ ойыншық емес. Ол цифрлық дәуірдегі адамның жалғыздығын, шаршауын, бірақ сонымен бірге нәзік үмітін бейнелейтін символға айналды. Адамдар оны құшақтап, суретін салып, мем жасап, оған қатысты әңгіме жазып жатыр.

Сондықтан да «Мұңайған ат» халықтың сүйіктісіне айналды. Өйткені ол бізге өзімізді еске салады. Күлкілі емес, шынайы. Жасанды емес, таза эмоцияға толы. Жәутеңдеген көзіне қарасаң, еріксіз ойға батасың. Құшағыңа басқың келеді.

Мүмкін, кейде бізге күлімдеп тұрған кейіпкерден гөрі, жай ғана үнсіз мұңая алатын дос керек шығар.

Мейірімді болайық.

Ғазиза Ұзақ