NIS оқушылары «InnovArt: Болашақ өнері» желілік арт-фестивалінде бас қосты

Астана қаласы Нұра ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «InnovArt: Болашақ өнері» желілік арт-фестивалі өтті. Дәстүрлі шығармашылық алаң биыл еліміздің түкпір-түкпірінен келген 242 оқушыны біріктірді. Фестивальге 21 Зияткерлік мектеп пен International Steppe School of Astana мектебінің оқушылары қатысты.
Арт-фестиваль – NIS жүйесіндегі оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға, өнер арқылы өзіндік көзқарасын қалыптастыруға және тәжірибе алмасуына мүмкіндік беретін маңызды жобалардың бірі.
Фестивальдің жабылу салтанатына ҚР Президентінің кеңесшісі Алексей Цой, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин қатысып, жас өнерпаздарға ізгі тілектерін білдірді.
– Мұндай бастамалар жастардың жан-жақты дамуына, шығармашылық әлеуетін ашуына және өз қабілетін көрсетуіне жол ашады. Мемлекет басшысы дарынды әрі креативті жастарды әрдайым қолдайды. Бүгінгі жетістіктеріңіз болашақ үлкен жеңістердің бастауы боларына сенемін, – деді Алексей Цой.

Ал Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан заманда сапалы біліммен қатар шығармашылық қабілеттерді дамыту бұрынғыдан да өзекті бола түскенін атап өтті. Министрдің айтуынша, технология мен шығармашылық бір-бірін толықтыра отырып, қатар дамуы тиіс. Мұндай тепе-теңдік жастардың жаңашыл ойлауын қалыптастырып, олардың өзгермелі әлемге бейімделуіне мүмкіндік береді.
Биыл қатысушылар мюзикл, әлеуметтік бейнеролик, Sand Art және қолөнер бағыттары бойынша өз бақтарын сынады.
Мюзикл бағытында оқушылар жасанды интеллект элементтерін пайдалана отырып, музыка, театр, хореография және вокалды ұштастырған сахналық қойылымдарын ұсынды. Ал әлеуметтік бейнероликтерде қоғамға қызмет ету, жауапкершілік және азаматтық ұстаным тақырыптары көрініс тапты.

Sand Art бағыты бойынша қатысушылар Зияткерлік мектептердің «Зияткерлік мектеп оқушыларына оқуға ұсынылатын 100 кітап» жобасындағы шығармалар желісі негізінде құммен ерекше көркем туындылар жасады. Қолөнер номинациясында ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі шеберлікті дәріптейтін жұмыстарды таныстырды. Оқушылар ағаш, мата, тері, саз балшық және моншақтан бұйымдар жасап, кесте мен канзаши техникасындағы туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Фестиваль әр өңірден келген оқушылардың шығармашылық ізденістерін тоғыстырып, олардың өнер арқылы өз ойы мен көзқарасын еркін жеткізуіне мүмкіндік берді.
Байқау қорытындысы бойынша әр бағытта үздік жұмыстар анықталып, жеңімпаздар марапатталды.
Айта кету керек, Назарбаев Зияткерлік мектептерінде академиялық біліммен қатар оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары мектеп түлектерінің креативті индустрияларға қызығушылығы артып келеді. 2010–2025 жылдар аралығында 358 NIS түлегі дизайн, сәулет, режиссура, актерлік өнер, бейнелеу өнері және басқа да шығармашылық бағыттар бойынша білім алуды таңдаған.




