Өндіріс ардагері Әбілхан Баймағамбетов: «Жұмысымды сағынамын»
«Кейде таңғы ұйқыдан тұрғанымда мұрныма металл иісі келеді. Ыстық пеш, балқыған темірдің еркелей аққан суреті көз алдыма елестейді. Зауыт түсіме кіреді. Жұмысымды сағынамын», — дейді Ақтөбе ферроқорытпа зауытында еңбек еткен қазыналы қарт, ардагер металлург Әбілхан Баймағамбетов. Сексен жылдық тарихы бар кәсіпорын балқытушыға тек жақсылықтар әкелді. Өмірлік жар, адал достар, баспана және тұрақты табысын ғана емес, тіпті туған күнін де сыйлады!
Тоқсанның төріндегі металлург Әбілхан Баймағамбетов Ақтөбе қаласында тұрады. Өндіріс ардагерінің төлқұжатында туған күні де, әкесінің де аты болмаған. Өмірге келген күнін күнтізбедегі жорамалдаған бір күнмен атап өтетін қария зейнетке шығар алдында ғана екінші қаңтарды өзінің туған күні етіп жаздырды.
«Менің жасым негізі 97-де. Біз ауылдан әрі шалғайда тұрдық. Мен өмірге келгеннен кейін әке-шешем аудан орталығына жеткенше туған күнімді шамамен жазып жіберіпті. Сондықтан қазір менің жасым төлқұжат бойынша 95-те, — деп күлді металлург. – Әлі есімде бір әпкем «сен дүниеге келгенде жердің бәрі көктеп, дала құлпырып, сәуір айының сұлуланып тұрған кезі болды» деп айтатын. Жақсы сөз жарым ырыс деген осы. Өмірім мәнді де мағыналы өтті. Кейін зауытта зейнетке шығуға құжат дайындап жүргенімде, лайықты еңбек демалысына жіберу үшін менің нақты туған күнім керек екенін айтты. Бірден паспорт жасатуға бардым. Бірінші қаңтар мереке. Болмас деп, екінші қаңтарға жаздырдым. Міне содан бері екінші қаңтарда туған күнімді тойлап келеміз»
Әбілхан Баймағамбетовтің өмір жолы тура бір кітап дерсіз. Отан алдындағы борышын өтеп келіп, Ақтөбеге қайта оралған соң, полиция болуды армандапты. Бірақ ішкі істер органдарына жұмысқа тұру үшін кем дегенде бір ай күту заңы ол кезде де бар еді. Күнкөрістің қамымен, уақыт оздырмай жұмысқа тұру керек. Тағдыр қарияны зауытқа алып келді. Еңбек жолы бірінші балқыту цехының бесінші пешінде басталған ақсақал осы жерден зейнетке де шықты.
«Бастапқыда Ақтөбедегі кірпіш зауытына кіруді ойлағанмен, балқытушылыққа кетуді шештім. Металлургия таңсық, қызық мамандық болып көрінді. Сөйтіп 1952 жылы зауытқа жұмысқа тұрдым. Ең алғашқы ауысымым күні кешегідей әлі есімде. Бірден түнгі ауысымға түстім. Оңай болмады, бірақ қорықпадым. Темір балқытуға да бап керек. Пеш қасында еңбектену төзім мен сабырды қажет етеді», — дейді балқытушы.
Әбілхан ақсақал соңғы жылдардың оңай соқпағандығын айтады. Пандемия кезінде жұбайы мен үлкен ұлынан айырылып, біраз есенгіреп қалыпты. Бұрынғыдай емес, көп нәрсені ұмытып, есте сақтау қабілеті нашарлаған көрінеді.
«Ферроқорытпа зауыты маған бұйырған бақ болды. Мен мұнда өмірлік достарыма айналған Смағұл Үкібаев, Ғалиасқар Құрақбаевтармен таныстым. Кейін отбасыларымызбен араласып, сыйластығы үзілмеген жолдастарға айналдық. Олармен өткен әр сәтті, әркез қуаныш пен қиындықта бірге жиналатын кездерімізді сағына еске аламын», — дейді металлург.
Шын достық осындай болса керекті! Әбілхан ақсақал жұбайын да осы зауыттан кездестірген. Екі әріптес сол кездегі кәсіпорын қызметкерлері тұрған аудан- «махамбетовкада» пәтер жалдап тұрған екен. Жұмыстан үйге қайтар жолдары бір болған көршілердің өмір жолдары да тоғысып, отау құрады.
Екі жастың құрған отауы құтты болып, алты бала тәрбиелеп өсіреді. Қыздарының бірі Гүлшира бүгінде ата-анасының қызмет еткен жерінде жұмыс істейді.
Қария қазір қызымен бірге тұрады. Жасы үлкейсе де, металлург үйіндегі ер адамның шаруасына қызын мүлдем араластырмайды екен. Зейнетте болса да, қыста қар күреп, бау-бақшаны баптап, маңайын жинастырып жүретінін білдік.
«Бұрынғының металлургтері қазіргіден де мықты болатын. Балқытушы сарқылмас күш пен төзімділікті қажет етеді. Зауыт бізді қай жағынан да ширатып, мықты етіп шығарды. Пештің жанында уақыттың қалай зырғып кеткенін байқамаушы едік. Басшылық маған зейнетке шығуды айтқанда, кеткім келмеді. Үйренген пешімнен кету қиын болды. Бергені көп болды», — дейді ол.
ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты Баймағамбетовтер әулетіне алғашқыда барақ үй берді. Кейін үш бөлмелі үйдің кілтін ұстатты. Бірақ Әбілхан қария ол үйден бастартты. Оған себеп – үлкен отбасының жер үйде тұрғысы келетіндігі. Содан олар зауытқа жақын жерден жер алып, үй салды. Кәсіпорын қарап қалмай, отбасыға құрылыс материалдарын алуға көмектесті. Міне сол үйдің шаңырағы әлі күнге дейін биік, босағасы берік болып тұр. Әулет үшін ол үйдің әр кірпіші ыстық.
«Осы үйге қонақ көп келетін. Ата-анамның цехтағы достары, әріптестері біздің үйге жиналатын. Сот сәттер әлі күнге дейін альбомда сақтаулы. Тіпті әкем зейнетке шыққанда әріптестерінің сыйға тартқан шығыс стиліндегі вазасы да әлі бар. Бұның барлығы әкем үшін де, біз үшін де құнды естеліктер», — деді қызы.
Әбілхан Баймағамбетов – зауыттың аңыз адамы.Талай заманды басынан өткерді. Алайда көпті көрген қария бір нәрсенің өзгермейтінін, сол қалпында қалатынын атап өтті. Ол – металлургия.
Ұлан Сыдықовтың фотосуреті