Опера өзінің барлық сән-салтанатында ұсынылды

«Астана Опера» «Музыканы көру» VIII музыкалық театрлар фестивалінде Дж.Россинидің «Жібек саты» спектаклімен өнер көрсетті. Қалың көрермен жинаған қойылымға музыка сыншылары жоғары баға берді, осылайша «Астана Опера» труппасы қазақстандық өнердің халықаралық аренада маңызды орын алатынын кезекті мәрте дәлелдеді.

Гастрольдік өнер көрсету ХХ ғасырдағы біртуар опера әншісі Галина Вишневскаяның әйгілі опералық ән айту орталығында өтті. Бұл күні гастрольдік спектакльге көрнекті музыка және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ мәскеулік шығармашылық зиялы қауым келді.

— Алған әсеріміз керемет, театр лайықты музыкалық-вокалдық деңгейді көрсетті, жалпы алғанда музыкалық ансамбль бірқалыпты. Россинидің мәнері сақталды, ал мұндай пікір  әрдайым барлығына бірдей айтыла бермейді, маэстро бәрін тиісті тұрғыда жасады, — деп спектакльден кейін пікірімен бөлісті музыка сыншысы Дмитрий Морозов.

— Өз гастрольдеріңіз үшін Мәскеуді таңдап, репертуарлық спектакль тұрғысынан осындай айрықша қойылымды алып келгендеріңізге рақмет, бұл батыл таңдау, шебер орындауды талап ететін туынды. Оны ұсынуға тайсалмай, бізге мереке мен жақсы көңіл күй сыйладыңыздар. Көбіміз үшін Россинидің бейнесіне оның кемеңгерлігі тануға ашық екенін дәлелдейтін тағы бір маңызды операны қостыңыздар, — деді Ресей газетінің музыка шолушысы Мария Бабалова.

 «Жібек саты» комедиялық операсының «Астана Опера» театрындағы премьерасы 2019 жылы өткен болатын. Содан бері спектакль Piccolo театры жобасы аясында туған сахнада белсенді таныстырылып келеді, труппа осы қойылыммен Қазақстандағы және жақын шет елдердегі қалаларға гастрольге шығып жүр. Әртістердің жоғары орындаушылық шеберлігі, сәнді костюмдер мен сахналық безендірудің арқасында қойылым көпшілікті үнемі таңдай қақтырып келеді.

Айта кетейік, опера-фарсты орындау оңай емес, өйткені ол bel canto техникасын мінсіз меңгеруді, сондай-ақ тамаша актерлік ойынды талап етеді. «Астана Опера» солистері осы барлық міндеттерді керемет атқарып, партияларға қайталанбас өзгешелік қосты, кейіпкерлердің мінез-құлықтарын жан-жағынан ашып көрсетіп, көрермендер аудиториясының жүрегін жаулады. Олардың дауыстары әуеде қалықтап, түрлі сезімдерге жетеледі: Айзада Қапонова Джулияның бейнесінде шебер көріністермен көзге түссе, тенор Әлихан Зейнолла Дорвильдің партиясын ерекше талғаммен орындады. Тапқыр Джерманоның бейнесін театр солисі – керемет қоңыр дауыс иесі, баритон Алтынбек Әбілда шеберлікпен жасады. Ал Бланзактың партиясында сахнаға шыққан Евгений Чайников өзінің ашық даусы мен байсалдылығының арқасында кейіпкерінің бейнесін жарқын әрі ұмытылмастай етіп көрсетті. Татьяна Вицинская Лючилланың партиясын жеңіл әрі ойнақы сомдады, Рамзат Балакишиев Дормонттың бейнесіне керемет ене алды.

Манана Гунианың сценографиясы мен костюмдеріне қарап, олардың XVIII ғасыр дәуіріне сәйкес келетінін түсіну қиын болмады. Алла Симонишвилидің шебер режиссерлік шешімі сахнада болған оқиғаға екпін мен әзіл қосты.

Музыкалық сүйемелдеу бұдан артық болмаса, кем түскен жоқ: маэстро, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігіндегі оркестр жас Россинидің әуендерін дәулескерлікпен жүзеге асырды.

— Гастроль – бұл қазақстандық өнерді шетелдік көпшілікпен бөлісудің бірегей мүмкіндігі. Әртістер, техникалық ұжым мен гастрольдік өнер көрсетуге үлес қосқандардың барлығы осынау кешті айрықша ету үшін тынымсыз еңбек етті. Біздің өнеріміз лайықты деңгейде ұсынылды деп үміттенеміз. «Музыканы көру» фестиваліне қатысқанымызға қуаныштымыз. Оның ұйымдастырушыларына алдағы бағдарлама жұртшылықтың жүрегінен жылы лебіз тауып, ду қол шапалақ үзілмесін, ұжымдардың өнер көрсетулері жарқын, табысты болсын деп тілейміз, — деп атап өтті «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

— Бүгін айтулы күн, өйткені үздік әлемдік опера ұжымдарының қатарына жататын «Астана Опера» секілді театрлардың осындай сапарлары Мәскеу үшін өте маңызды оқиға. Галина Вишневскаяның керемет опералық ән айту орталығында өтіп жатқан  фестиваль үшін де, мәскеулік көпшілік үшін де сіздер алып келген Россинидің өте күрделі әрі сирек орындалатын операсымен танысу – бұл үлкен бақыт. Оның үстіне бүгінгі таңда «Астана Опера» – бұл өте салмақты музыканттардың, опера әншілерінің жинағы, осының барлығы бұл шараны бірегей етеді. Мәдениет халықтарды біріктіреді, өзге елдің жанын түсіну үшін оның мәдениетін сезіну қажет. Бүгінде қазақстандық мәдениет – жоғары кәсіби мәдениет екенін атап өткен жөн, — деді Ресей Федерациясы Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой.

 «Астана Опера» театрының гастролі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің қолдауымен өтті. Труппаның дарын мен құштарлыққа толы ғажайып орындауы осынау шараға қатысу бақыты бұйырған барлық өнер сүйер қауымның жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды.