Отандық азық-түлік өндірушілерді қолдау AMANAT партиясының АӨК кеңесінің назарында

AMANAT партиясы жанындағы Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті отандық азық-түлік тауар өндірушілерін қолдау мәселесі бойынша есептері тыңдалды.
Отырыс барысында ішкі нарықтағы негізгі проблемалар ретінде сауда желілерінде импорттық өнімдердің үлесінің артуы, ретробонустар мен қосымша қызметтер үшін төлемдердің отандық өндірушілерге қосымша салмақ түсіруі, сондай-ақ Қазақстан шекарасындағы «көлеңкелі» азық-түлік импортына бақылаудың әлсіздігі атап өтілді.
Жиында Сауда және интеграция министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті және басқа да ведомстволардың өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Қатысушылар қабылданып жатқан шаралардың жеткілікті деңгейде тиімді емес екенін және саланың қазіргі сын-қатерлеріне толық жауап бермейтінін атап өтті. Осыған байланысты жергілікті өндірісті ынталандыруға, отандық өндірушілердің ішкі саудадағы үлесін арттыруға, сондай-ақ азық-түлік импортына бақылауды күшейтіп, жетілдіруге бағытталған неғұрлым тиімді әрі үйлестірілген шешімдер қабылдау қажеттігі айтылды.
Отырыс барысында агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі кеңестің жетекшісі, Мәжіліс депутаты Н. Әшімбетов мемлекеттік органдар өкілдеріне қарата сөз сөйлеп, қабылданып жатқан шаралардың жеткілікті түрде тиімді емес екеніне және нақты нәтижелер қажет екенін айтты.
«Соңғы екі жыл бойы азық-түлік саласындағы салалық одақтармен тығыз жұмыс жүргізіліп келеді. Алайда олардың айтуынша, қабылданып жатқан шаралар жеткіліксіз. Нарықтағы импорттық өнімдердің үлесі артып келеді, себебі ірі сауда желілеріне көбіне маржасы жоғары, соның ішінде ЕАЭО елдерінде субсидияланатын тауарларды сату тиімдірек. Сонымен қатар “көлеңкелі” импорт отандық өндірушілер үшін әділетсіз бәсекелестікті күшейтуде. Қалыптасқан жағдай еліміздің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, импортқа тәуелділікті арттырып отыр. Өкінішке қарай, өндірушілердің көптеген сауалдарына мемлекеттік органдар тарапынан толыққанды жауап берілген жоқ. Сондықтан бұл мәселелер депутаттардың қарауына шығарылады. Мемлекеттің басты міндеті – ішкі өндірісті дамыту. Бұл туралы Президент өз Жолдауында нақты айтты. Ол депутаттарға ішкі нарықты қорғау және отандық өндірісті қолдауға бағытталған шешімдерді белсендірек қабылдауды тапсырды», – деді AMANAT партиясы АӨК кеңесінің төрағасы Нұржан Әшімбетов.
Жергілікті өндірушілер үшін негізгі проблемалардың бірі – сауда желілерінің өз супермаркеттерінде өнім өткізу үшін түрлі ретробонустар мен қосымша қызметтер үшін ақы талап ету тәжірибесі. Нарықтағы үстем жағдайын пайдалана отырып, сауда желілері бұл қызметтерді өндірушілерге іс жүзінде міндеттеп отыр. Әлемдік тәжірибеде сауда шығындары, оның ішінде қосымша қызметтер, сауда үстемесі есебінен жабылады және оның мөлшері әр компанияда әртүрлі болуы мүмкін. Ал Қазақстанда сауда желілері отандық өндірушілерге ретробонустар мен қосымша қызметтерді төлеуді өнімді өткізудің міндетті шартына айналдырған. Бұл өз кезегінде өндірушілер есебінен қосымша табыс қалыптастыруға алып келеді. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, бүгінде сауда желілерінің табысының шамамен 70%-ы дәл осы өндірушілерге жүктелген қызметтерден түседі, ал тек 30%-ы ғана сауда үстемесінен қалыптасады. Соған қарамастан, өндірушілер мұндай шарттармен жұмыс істеуге мәжбүр, өйткені ірі супермаркеттер өнеркәсіптік азық-түлік өнімдерін өткізудің негізгі арнасы болып отыр. Сонымен қатар сауда желілеріне көбіне импорттық өнімдерді сату тиімдірек, себебі көрші елдерден жеткізілетін тауарлардың көлемі жоғары болғандықтан, оларға қойылатын үстеме де жоғары болады. Кей жағдайда ритейлерлер сапасы төмен болса да арзанырақ өнімдерді таңдауға басымдық береді. Нәтижесінде импорттық тауарлар супермаркет сөрелерінде анағұрлым тиімді әрі көзге түсетін орындарға қойылады.
«Ресей мен Беларусьтен келетін жеткізушілер негізгі табысын өз ішкі нарықтарынан табатындықтан, аз пайдамен жұмыс істеуге дайын. Ал біздің елде олар нарықты жаулап алу үшін белсенді түрде демпинг жасап отыр. Сөрелерімізде импорттық тауарлар көбейген сайын, шетелдік жеткізушілер бағаны көтеріп, өз шарттарын таңу мүмкіндігін арттыра түседі. Сауда желілерінің маркетингтік, логистикалық және «сөре» қызметтерін күштеп енгізуі өндірушілер табысын жасырын түрде алып қоюдың бір түрі ретінде бағаланады және бұл олардың нарықтағы үстем жағдайын теріс пайдалануын көрсетеді. Осындай шығындардың барлығын шегергеннен кейін отандық компанияларда іс жүзінде пайда қалмайды. Бұл өз кезегінде қызметкерлерді қысқартуға, өндіріс көлемін азайтуға және дамуға инвестицияларды шектеуге мәжбүрлейді. Мұның барлығы елдегі азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Біз заманауи бөлшек сауданың дамуын қолдаймыз, алайда өндірушілермен өзара әрекеттесудің қазіргі моделі өзгерісті қажет етеді, өйткені ол шамадан тыс жүктеме түсіріп отыр. Сауда желілерінің табысы ашық әрі түсінікті сауда үстемесі арқылы қалыптасатын теңгерімді модельге көшуі қажет. Бұл нарық қатысушылары арасындағы өзара қарым-қатынасты тұрақты әрі әділ етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Салалық одақтар альянсы.
Өндірушілердің пікірінше, Сауда министрлігінің жұмыс тиімділігін бағалау әдістемесі де қайта қарауды қажет етеді. Қазіргі кезде егер жыл ішінде сауда көлемі артса, бұл оң нәтиже деп бағаланады. Алайда оның құрылымына мән берілмейді. Өндірушілер атап өткендей, егер сауда өсімі негізінен отандық емес, шетелдік өнімдер есебінен қамтамасыз етілсе, бұл ішкі өндірісті қолдау шараларының жеткіліксіз тиімділігін көрсетеді және ұлттық экономиканы қолдау бағытында қосымша назар аударуды талап етеді.
Халықаралық тәжірибе жергілікті өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін дәлелдейді. Мәселен, Беларусьте сауда желілеріндегі сөрелердің 85%-ын отандық өнімдер құрайды. Ресейде 2016 жылы қабылданған сауда туралы заң жасырын ретробонустарды жойып, сауда желілерін тек сауда үстемесі арқылы бәсекелесуге міндеттеді. Ал Франция, Германия, Польша, Ирландия, Дания және Швейцария сияқты бірқатар еуропалық елдерде сөрелердегі жергілікті өнімдердің жоғары үлесі дамыған агроөнеркәсіптік кешен, протекционистік саясат және отандық өнімдерді ілгерілету бағдарламаларының арқасында қамтамасыз етілген.
Салалық одақтар биыл азық-түлік өнімдерінің «көлеңкелі» импортының артқанын да тіркеп отыр. Бұл заңды өнімдер үшін елеулі қауіп төндіреді. Мұндай жағдайдың негізгі себептері – қолданыстағы бақылау тетіктерінің жетілмегендігі. Атап айтқанда, шекара қызметі мен Қазақстанның ветеринариялық қызметтері арасындағы үйлестірудің жеткіліксіздігі, импорттаушылардың тауарды тексеруге ұсынбағаны үшін заңнамалық жауапкершіліктің болмауы, әкелінген өнімдерге зертханалық тексерулер жүргізудегі формализм және басқа да жүйелік кемшіліктер бар.
Кеңеске қатысушылар атап өткендей, ұлттық өндірісті қолдау Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқандай, экономикалық саясаттың басты басымдығына айналуы тиіс және ол нақты іс-әрекеттер арқылы жүзеге асырылуы қажет. Тұрақты экономика үшін мықты отандық компаниялар аса маңызды: дәл осы кәсіпорындар жұмыс орындарын құрып, бюджетке салық түсімдерін қамтамасыз етеді және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады.




