ҚазҰУ – болашақ көшбасшылар ордасы

Қазіргі жаһандану дәуірінде білім ел дамуының басты қозғаушы күші. Әсіресе, сапалы білім мен ғылыми әлеуеті жоғары оқу орындарының рөлі ерекше. Осы тұрғыдан алғанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің білім беру жүйесінде жетекші орын алатын, халықаралық деңгейде мойындалған беделді оқу орны.

ҚазҰУ тек білім беретін мекеме ғана емес, ол ғылым мен инновацияның, ұлттық құндылықтар мен заманауи технологиялардың тоғысқан ордасы. Университет қабырғасында студенттер тек кәсіби білім алып қана қоймай, тұлғалық тұрғыда қалыптасып, қоғамға пайдалы азамат ретінде тәрбиеленеді. Бүгінде оқу ордамыз әлемнің үздік университеттері рейтингісінде лайықты орынға ие. Бұл оқу орнының білім сапасы мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізілетінінің айқын дәлелі. Университеттің материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға толық сәйкес келеді: жаңа зертханалар, цифрлық білім беру платформалары, кітапханалар мен ғылыми орталықтар студенттердің сапалы білім алуына барлық жағдай жасайды.

Білім ордасының басты артықшылықтарының бірі оның білім беру бағдарламаларының практикалық бағыттылығы. Студенттер теориялық біліммен қатар, нақты тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады. Әсіресе, заң факультетінде білім алушылар үшін студенттік заң клиникасы үлкен тәжірибе алаңы болып табылады. Мұнда болашақ заңгерлер халыққа тегін құқықтық көмек көрсете отырып, кәсіби дағдыларын жетілдіреді. Сонымен қатар, университетте академиялық ұтқырлық бағдарламалары кеңінен дамыған. Студенттер шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып, халықаралық тәжірибе жинақтай алады. Аталған шара олардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп, бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына ықпал етеді.

ҚазҰУ-да цифрландыру үдерісі де қарқынды дамып келеді. Оқу процесіне заманауи технологиялар енгізіліп, онлайн білім беру жүйелері жетілдірілуде. Осы әрекет студенттерге кез келген уақытта білім алу мүмкіндігін береді және білім сапасын арттыруға оң әсер етеді. Университеттің тәрбиелік мәні де ерекше. Мұнда жастарға патриоттық тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Түрлі мәдени, ғылыми, спорттық іс-шаралар студенттердің жан-жақты дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ, университет тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда белсенділік танытып келеді. Білім сапасын арттыру, экологиялық жауапкершілік, әлеуметтік теңдік пен әділеттілік қағидаттарын ұстану ҚазҰУ қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Бұл бастамалар студенттердің әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастырып, олардың қоғамға деген көзқарасын жаңғыртады. Университет түлектері бүгінде еліміздің әртүрлі саласында табысты еңбек етуде. Олар мемлекет дамуына үлес қосып жүрген білікті мамандар, қоғамның белсенді мүшелері. Қара шаңырақ қабырғасында алған білім мен тәжірибе олардың кәсіби жетістіктерінің берік іргетасына айналды. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  сапалы білім мен жарқын болашақтың кепілі.Оқу орнында білім алған әрбір жас еліміздің ертеңі, қоғамның тірегі.

Г.Д. АНСАТБАЕВА

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

заң факультеті  азаматтық құқық,

азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы

кафедрасының аға оқытушысы