Парижде Еуразиялық аймақтың бәсекеге қабілеттілігі талқыланды

12-14 желтоқсан аралығында Парижде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының штаб-пәтерінде ЭЫДҰ 2023 Еуразия апталығы өтті. Іс-шараға Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов басқарған қазақстандық делегация қатысты.

Делегаттар орнықты экономикалық өсу, бизнесті дамыту үшін құқықтық ортаны жақсарту, мемлекеттік басқару, төмен көміртекті даму және сауда-көлік ынтымақтастығы мәселелерін талқылады.

А.Әбдікәрімов өз сөзінде Қазақстанның ЭЫДҰ-мен практикалық ынтымақтастықты нығайтуға бейілділігін растады. Сонымен қатар, аймақ мемлекеттерін Еуразия елдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағдарламасы аясында тиімді жобаларды бірлесе әзірлеп, жүзеге асыруға шақырды.

Вице-министр елдегі бизнес-ортаны және инвестициялық ахуалды тұрақты жақсартуға бағытталған аса маңызды реформаларға тоқталды. Сондай-ақ, мемлекеттің төмен көміртекті экономиканы дамыту жөніндегі шаралары туралы айтты.

-Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы қарым-қатынастардың орнағанына биыл 15 жыл толады. Біз Ұйымның 40-тан астам құқықтық құралы мен жұмыс органдарына қосылдық. 2025 жылға дейінгі бірлескен іс-қимыл Жоспарына қол қойдық. Жоспарды жүзеге асыру – экономикамыз бен мемлекеттік басқару жүйесіне ЭЫДҰ-ның жоғары стандарттарын енгізуге көмектеседі. Бұл Қазақстандағы реформаларды одан әрі іске асыруға үлкен қолдау көрсетеді, — деді Ұлттық экономика вице-министрі.

Өз кезегінде ЭЫДҰ-ның Бас хатшысы Матиас Корман осы аймақтағы серіктестермен ынтымақтастықты екіжақты негізде әрі Еуразия елдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағдарламасы арқылы да жалғастыруға ниетті екенін білдірді. Оның айтуынша, жаһандық ынтымақтастық үшін Еуразия ЭЫДҰ-ның негізгі аймағы болып табылады.