Польша жұртшылығы қазақ әндерін қосыла шырқады
«Астана Опера» театрының хоры қазақ композиторларының әндерін поляк жерінде зор жетістікпен орындады. Танымал ұжым бұл елге 26 мамырда Белосток қаласында өткен «Хайнувка» беделді халықаралық байқауына қатысуға барған болатын. Әртістер байқауда керемет өнер көрсетіп, жүлделі бірінші орынды иеленді, сонымен бірге гастроль аясында 27 мамырда Варшавада қазақстандық композиторлардың музыкасына үлкен жеке концерт берді.
Польша қазақстандық ұжымды жайма-шуақ ауа райымен қарсы алып, нағыз қонақжайлылық танытты. Өз кезегінде «Астана Опера» хоры еуропалықтарды ұлттық музыка мұрасындағы хорға арнап жазылған ең таңдаулы шығармалармен таныстырды, атап айтсақ олар Ғ.Жұбанованың «Жалғыз емен», Е.Рахмадиевтің «Хорал», М.Маңғытаевтың «Қаратау әуендері» сюитасынан «Қырмандағы айтыс», Б.Байқадамовтың «Көкек», С.Әбдінұровтың «Күй», Ә.Әбдінұровтың «Қуырмаш» әндері, сондай-ақ қазақ әндерінен попурри және басқа да көптеген ұлттық туындылар. Қазақ музыкасының концертінде хорға елордалық театрдың аға хормейстері Дәурен Мусин дирижерлік етті.
Айта кету керек, шетелге гастрольге шыққанда қазақ музыкасын насихаттау – «Астана Опера» театры жүзеге асыратын негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Бұл қазақстандық хордың Польшада алғашқы өнер көрсетуі емес. Шығармашылық ұжым бұл елге бірінші рет барғанда қазақстандық композиторлардың бірнеше туындысын орындап, көпшілікті тамсандырған еді. Енді міне, қазақ ұлттық музыкасының концертін өткізуге Польша тарапы өзі бастамашы болды. Және бұл польшалық көрермен қазақ әуендері туғызған айрықша атмосфераға бөленген есте қаларлық күн болды. Тіпті тыңдармандардың кейбіреуі Варшавада орындалған қазақ әндерін әртістерге қосылып шырқауға тырысты.
Бүгінде Варшава маңызды саяси шешімдер қабылданатын басты қала ғана емес, сонымен қатар тұрғындар рухани азық алатын мәдени орталық саналады. Мұнда Үлкен театр, Фредерик Шопен музейі, Ұлттық заманауи өнер музейі мен басқа да көптеген мәдени-тарихи нысандар орналасқан. Осылардың ішінде Ұлттық филармония – Варшава тұрғындарының және осында үнемі өнер көрсететін көптеген әлемдік ұжымдардың сүйікті орны. Бұл жолы оның сахнасында қазақ композиторларының әндері шырқалғанда тыңдармандар бір сәт терең ойға шомып, әсем әуендермен үнсіз рақаттанса, ақырғы аккордта зал қазақстандық хор әртістерінің тамаша дауыстары мен олардың асқан кәсіби шеберліктеріне тамсанып, ду қол шапалақ жаудырды. Бір сағаттан астам уақыттың ішінде көпшіліктің әртістерге бауыр басып қалғаны сонша, оларды көпке дейін сахнадан жібергілері келмеді.
«Ұмытылмас әсер сыйлағаны үшін «Астана Опера» хорына алғысымды айтқым келеді. Қазақстандық ұжымның еуропалықтарды қазақ ұлттық музыка мәдениетімен таныстыру жайлы идеясы керемет болды. Қазақ тілін білмесем де, қазақтың әндері менің жүрегіме жетті. Сезімге толы әуендер бірден жүректі қозғап, қазақ даласының әсемдігін, халқының кең пейілін жеткізгендей болды. Хордың орындауындағы барлық әндер қатты ұнады, әсіресе «Жалғыз емен» шығармасы маған ерекше әсер етті. Бұл әнді қазақстандық композитор Ғазиза Жұбанова жазған екен, енді бұл менің сүйікті шығармаларымның біріне айналды», – деді концерттен кейін әсерімен бөліскен варшавалық көрермен, пани Ханна Вуйцик.
Варшава тұрғыны Адам Левандовский қазақ хорының дарынына бұрыннан тәнті екенін, онымен қайта жүздесетін сәтті асыға күткенін жеткізді.
«Бүгін сондай тамаша кештің куәгері болдым, бұған себепкер – кәсіпқой маман, хормейстер Ержан Дәуітовтің жетекшілігіндегі «Астана Опера» хоры. Біз атақты поляк композиторы Фридерик Шопеннің шығармашылығына Қазақстанда зор құрметпен қарайтынын білеміз, сол секілді поляктар да қазақ мәдениеті мен өнерін ерекше бағалайды. Біз өзіміздің поляк этнографы Адольф Михайлович Янушкевичтің авторлығындағы қазақтар, олардың өнері туралы «Күнделіктер мен хаттар» (Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалар) атты керемет кітаппен жақсы таныспыз. Қазақ әндерін хордың жанды дауыстағы орындауында естігеніме өте қуаныштымын. «Астана Опера» хоры шынымен қуатты екеніне тағы бір мәрте көзім жетті. Ұжымның өнер көрсетуі барлықтарына ұнағанына сенімдімін, бұл залдың реакциясынан-ақ білініп тұр. Әртістерге шынайы ризашылығымды білдіре отыра, шығармашылықта табысқа жетулерін және әлемнің түкпір-түкпірінде көрермендердің ыстық ықыласына бөлене берулерін тілеймін», – деді ол.
Ел астанасында концерт берерден бұрын қазақстандық хор АҚШ, Румыния, Грекия, Болгария, Польша, Эстония, Латвия секілді түрлі елдерден барған ұжымдармен бірге «Хайнувка» беделді халықаралық байқауында өнер көрсеткенін айта кетуіміз керек. Фестивальде М.Мусоргский, К.Пендерецкий, А.Николаев-Струмский, А.Молодовтың туындылары шырқалды. Біздің хор Белостокта «Хайнувка» халықаралық фестивалі аясында өткізілген беделді музыкалық байқауда бірнеше мәрте бірінші сыйлықтарды иеленіп келгені белгілі.
Ұжым 2023 жылы да жүлдеден қалыс қалмады. «Астана Операның» хор ұжымы елге айтулы марапат – лайықты бірінші орынмен оралуда. Қазақстандық хор әртістері беделді байқауда үздік вокалдық шеберліктерін көрсетті.
Гастроль ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткенін айта кетуіміз керек.