PR room спорт конференциясы: «Мықты спорттық брендті қалай қалыптастыруға болады: коммуникация, медиа және білім»

Спорт күні қарсаңында Астанада PR және медиа саласындағы мамандарды біріктіретін PR room қауымдастығының кезекті спорт конференциясы өтті. Іс-шара Қазақ ұлттық спорт университетімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Конференция барысында спорттық білім беру, заманауи спорт комментаторлығы, спортты бұқаралық ақпарат құралдарында ілгерілету, PR және медиа саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Қазіргі таңда спорттың дамуы тек спортшылардың нәтижесімен өлшенбейді. Оның негізінде ғылым, медицина, цифрлық технология, аналитика және халықаралық тәжірибе жатыр. Осы бағыттарды бір арнаға тоғыстыруды мақсат еткен Қазақ ұлттық спорт университеті жаңа даму кезеңіне қадам басып отыр.
«Біздің мақсатымыз – тек жоғары білімді маман даярлау емес, спорт ғылымын дамытатын, инновацияларды енгізетін және халықаралық үздік тәжірибені Қазақстанға әкелетін жаңа буын мамандарын қалыптастыру. Университетті соңғы бес жылда жаңғырту барысында біз заманауи білім беру экожүйесін құрып, спортты ғылыммен, медицинамен, цифрлық технологиялармен және халықаралық тәжірибемен ұштастыруға басымдық бердік. Бұл Қазақстандағы спорттық білім берудің жаңа кезеңінің бастауы», – деді Қазақ ұлттық спорт университетінің ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева.
Орталық Азиядағы SITE (Swiss Institute of Technology and Entrepreneurship) өкілі Айнура Мұқанова Қазақ ұлттық спорт университетімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан бағдарлама туралы айтып берді.
SITE қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі – спорт индустриясына арналған білім беру бағдарламаларын дамыту. Осы мақсатта университет SITE-пен бірлесіп спорт менеджменті бойынша магистратура және MBA бағдарламаларын іске қосты. Білім алушылар қазақстандық және швейцариялық үлгідегі қос диплом алады. Оқу мерзімі – бір жыл. Бағдарлама аясында халықаралық тағылымдамадан өту мүмкіндігі де қарастырылған.
«Спорт әлемі бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Біздің міндетіміз – студенттерге спорт индустриясы туралы теориялық білім берумен ғана шектелмей, осы саладағы табысты айқындайтын заманауи құралдарды іс жүзінде меңгерту», – деді SITE-тың Орталық Азиядағы ресми өкілі Айнура Мұқанова.

Public Diplomacy және Public Engagement саласының маманы Тоғжан Мұқатаева Z буынының спорттық коммуникацияға деген көзқарасының қалай өзгеріп жатқанын айтып, өнер, мәдени код және мультимедиялық технологиялардың жаңа мүмкіндіктеріне тоқталды.
«XXI ғасырдағы спорттық коммуникация енді тек танымалдыққа негізделмейді. Ең маңыздысы – спортшының айналасында қандай оқиға мен бейне қалыптасатыны. Спортшы әнші секілді елдің мәдениетін танытатын тұлғаға айнала алады. Сондықтан әлемдік ірі брендтің біздің спортшыны байқап, оның бейнесін өз мүддесіне пайдалануын күтудің қажеті жоқ. Бұл образды елдің өзі қалыптастыра алады. Қазақстан спортының визуалды тілін қалыптастырып, оны K-pop немесе аниме секілді мәдениет арқылы тартымды құралға айналдыруға болады. Бұл – күш көрсету емес, мәдениет арқылы қызықтыруға негізделген жұмсақ күш», – деді Тоғжан Мұқатаева.
Іс-шараға мемлекеттік және спорт ұйымдарының баспасөз хатшылары, спорт федерацияларының өкілдері, журналистер, медиа менеджерлер мен PR мамандары қатысты. Сонымен қатар конференцияға жеке брендін дамытуға қызығушылық танытқан спортшылар да келді.
«Адамдар бірге жанкүйер болып, бірге уайымдап, бірге жеңісті атап өткен кезде қарапайым жарнама арқылы сатып ала алмайтын нәрсе – қауымдастық қалыптасады. Біз адамдарды тек ойынға шақырып, билет сатуды мақсат етпейміз. Керісінше, матч аяқталғаннан кейін де, нәтиже қандай болса да, олардың FC Semey командасының бір бөлігі болғысы келетіндей орта қалыптастырамыз. Біз “кел де, билет сатып ал” демейміз. “Бұл – сенің клубың. Бұл – сенің қалаң. Бұл – сенің қауымдастығың” дейміз», – деп футзалдан «Семей» клубының кіріс жөніндегі директоры Арсен Бөлеков өз тәжірибесімен бөлісті.
Іс-шараны PR және медиа саласының мамандарын біріктіретін PR room қауымдастығы ұйымдастырды. Қауымдастықтың негізін қалаушы – Айнұр Байғожа.


