Роботтар адамзатпен бірге өмір сүріп жүр

XXI ғасырдың басты ерекшелігі – технологияның күнделікті өмірге терең енуі. Бұрын тек ғылыми-фантастикалық фильмдерде көретін роботтар бүгінде біздің қасымызда жүр. Олар енді тек көрмелер мен шоу сахналарында емес, үйімізде, жұмыс орнымызда, ауруханаларда қызмет атқарып жатыр.

Қытай Жаңа жыл мерекесінде гала-концерт сахнасында өнер көрсеткен робот көпшіліктің ерекше назарын аударды. Оның жоғары өнімділігі мен мүмкіндіктері көрермендерді таңғалдырмай қоймады. Бұл тек шоу элементі ғана емес, роботтардың өндірісте де, күнделікті тұрмыста да пайдалы бола алатынын көрсететін айқын мысал болды. Алайда жарық шамдардың астындағы әсерлі көріністен тыс, мұндай технологиялар қарапайым адамдардың күнделікті өміріне қалай еніп жатыр?

Бүгінде роботтар тек ауыр жұмысты атқаратын құрал ғана емес, адамның сенімді көмекшісіне айналып келеді. Өндіріс орындарында олар қауіпті әрі күрделі міндеттерді жылдам әрі дәл орындайды, медицина саласында дәрігерлерге операция жасауға жәрдемдеседі, ал тұрмыста үй жинау, тамақ дайындау секілді қарапайым істерді жеңілдетеді.

Сонымен қатар, робот техникасының дамуы жаңа мамандықтардың пайда болуына жол ашып, жастарды инженерия мен цифрлық технологияларға қызықтыруда. Бұл – болашақ еңбек нарығының да өзгеріп жатқанын білдіреді.

Әрине, технологияның қарқынды дамуы қоғамда түрлі сұрақтар туындатады: адам еңбегін роботтар алмастыра ма, қауіпсіздік мәселесі қалай шешіледі, адам мен машина арасындағы шекара қайда болмақ? Дегенмен бір нәрсе анық – роботтар енді болашақтың емес, бүгінгі күннің шындығына айналды.

Ең бастысы – олар адамды алмастыру үшін емес, оның мүмкіндігін кеңейтіп, өмір сапасын арттыру үшін жасалып жатыр. Сондықтан роботтармен қатар өмір сүру – қорқынышты құбылыс емес, керісінше жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын заман талабы. XXI ғасырда адам мен технологияның үндестігі біздің даму бағытымызды айқындайтын негізгі күшке айналмақ.

Дерек көзі: Журнал «КИТАЙ»

Ғазиза Ұзақ