Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында Ашық есік күні ұйымдастырылды

Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты базасында Ашық есік күні өтіп, оған 10–11 сыныптардың 129 оқушысы 12 ата-ана 3 ардагер қатысты.

Іс-шара аясында мектеп оқушылары алдымен мәдени-демалыс орталығында болып, институттың тарихынан сыр шертетін музей экспозицияларымен, сондай-ақ генералдар стендімен танысты.

Одан кейін институттың саптық алаңында әскери техника мен атыс қаруларының көрмесі ұйымдастырылып, қатысушыларға олардың тактикалық-техникалық сипаттамалары таныстырылды.

Бағдарлама барысында қонақтарға оқу-әдістемелік сыныптар көрсетіліп, әскери мамандарды даярлау үдерісі туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, оқушылар спорт кешенін аралап, заманауи жабдықталған гимнастика, ойын және тренажер залдарымен танысты.

Іс-шара аясында курсанттар мен мектеп оқушылары арасында спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, кермеде тартылу бойынша өткен жарыста оқушылардың бірі үздік нәтиже көрсетіп, жеңіске жетті. Сондай-ақ плацта Калашников автоматын бөлшектеу және жинақтау бойынша жарыс өткізілді.

Қонақтарға курсанттардың тұрмыс жағдайымен танысу мақсатында казармалар көрсетілді. Іс-шара соңында қатысушыларға дәстүрлі әскери тағам – солдат ботқасы ұсынылды.

Ашық есік күні жастарға әскери қызметтің ерекшеліктерін кеңінен таныстырып, олардың әскери мамандыққа деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.