Сақ болыңыз, сібір жарасы

Сібір жарасы (күйдіргі) – жануарлар мен адамдарға ортақ жұқпалы ауру. Оның қоздырғышы – Bacillus anthracis бактериясы. Бұл бактерия сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталатын спора түзеді, сондықтан ауру қауіпті инфекциялар қатарына жатады. Сібір жарасы көбінесе ірі қара, қой, ешкі, жылқы сияқты ауыл шаруашылығы жануарларында кездеседі, ал адамдарға ауру малдан немесе оның өнімдерінен жұғады.
Адамға сібір жарасы бірнеше жолмен жұғуы мүмкін:
- ауру малмен немесе оның терісі, жүні, етімен байланыс кезінде;
- бактерия спораларын шаңмен бірге тыныс алу арқылы;
- жеткілікті термиялық өңдеуден өтпеген ауру малдың етін тұтыну кезінде. Ауру адамнан адамға өте сирек жұғады.
Сібір жарасының негізгі түрлері:
- терілік түрі – ең жиі кездеседі. Теріде қышитын дақ пайда болып, кейін күлбіреуікке, одан әрі ортасы қара түсті жараға айналады;
- өкпелік түрі – жоғары қызба, жөтел, кеуде тұсының ауыруы және тыныс алудың қиындауымен сипатталады;
- ішектік түрі – іштің қатты ауыруы, құсу, іш өту және дене қызуының көтерілуімен байқалады.
Диагностикасы:
Ауруды анықтау үшін дәрігер науқастың клиникалық белгілерін, ауру тарихын бағалап, зертханалық зерттеулер жүргізеді. Қоздырғышты анықтау үшін қан, жарадан алынған материал немесе басқа биологиялық үлгілер зерттеледі.
Емі:
Сібір жарасы ерте анықталған жағдайда антибиотиктермен тиімді емделеді. Қажет болған жағдайда науқасқа қосымша емдік шаралар жүргізіледі. Аурудың ауыр түрлері міндетті түрде ауруханада емделуі тиіс.
Алдын алу шаралары:
- ауыл шаруашылығы жануарларын уақтылы вакцинациялау;
- мал дәрігерлік бақылауды сақтау;
- ауру малдың етін және өнімдерін пайдаланбау;
- малды сою кезінде жеке қорғаныс құралдарын қолдану;
- қолды сабындап жиі жуу және санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау қажет.
Сібір жарасы – дер кезінде анықталып, дұрыс емделмесе ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін қауіпті жұқпалы ауру. Сондықтан алдын алу шараларын сақтау, ветеринариялық талаптарды орындау және ауру белгілері байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну өте маңызды.
Асхат Чарапиев, Жетісу облысы СЭБД басшысы



