Салауатты ұрпақ – мықты мемлекет кепілі

Бүгінгі жаһандық күн тәртібінде адам денсаулығы-әлеуметтік, экономикалық және құқықтық тұрақтылықтың негізгі көрсеткіштерінің бірі. БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 3-мақсаты – «Салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және баршаға денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділікті арттыру» еліміз үшін де аса өзекті. Денсаулық – тек медициналық мәселе емес, бұқаралық құқықтық мәдениет, әлеуметтік жауапкершілік, білім мен ақпаратқа қолжетімділікпен тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда еліміздің білім беру жүйесінің көшбасшысы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, соның ішінде Заң факультеті мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі-құқықтық сауаттылық арқылы қоғамның салауатты болашағын қалыптастыруға үлес қосуда. Адамның денсаулығын қорғау-Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген басты құқықтардың бірі. Құқықтық мемлекет болу үшін азамат тек медициналық көмек алуға ғана емес, өз денсаулығын қорғауға қатысты құқықтарын білуге, қауіпсіз ортада өмір сүруге, әлеуметтік қорғау тетіктеріне қол жеткізе білуге тиіс. Заң факультетінің студенттері дәл осы бағыттағы білімді терең меңгеріп, болашақта денсаулық сақтау саласын құқықтық тұрғыда қолдайтын мамандардың қатарын толықтырады. ҚазҰУ-дағы білім беру бағдарламалары медициналық құқық, фармацевтикалық қызметті реттеу, экологиялық қауіпсіздік, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қорғау сияқты курстармен толықтырылған
Оқу ордамыз жыл сайын студенттердің салауатты өмір салтын ұстануына бағытталған әлеуметтік-спорттық іс-шаралар, волонтерлік қозғалыстар, психологиялық көмек орталықтары, экологиялық бастамалар ұйымдастырады. Студенттік жастар арасында дұрыс тамақтану, белсенді өмір салты, зиянды әрекеттердің алдын алу бойынша тренингтер мен лекциялар өткізіледі. Бұл бастамалар студенттің жеке денсаулығын нығайтумен қатар, жалпы қоғамда денсаулық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосады. Заң факультетінің студенттері бұл жұмысқа тек қатысушы емес, жобаларды ұйымдастырушы, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуші ретінде белсенді араласады. Олар медициналық қызмет көрсету саласындағы азаматтардың құқықтары жөнінде ақпараттық буклеттер әзірлеуге, қоғамдық сауалнамалар жүргізуге, құқықтық кеңес беруге атсалысады.
Денсаулық сақтау тек дәрігерлердің жұмысы емес. Әр азамат өз денсаулығына қатысты құқықтарын білсе, заңдық тетіктер мен мемлекеттік бағдарламаларды қолдана алса қоғамдағы аурушаңдық деңгейі төмендеп, профилактика мәдениеті қалыптасады. Бұл ретте заңгерлердің рөлі ерекше.Қара шаңырақ ғылыми-инновациялық зерттеулерге басымдық береді. Денсаулық сақтау құқықтарының тиімді жүзеге асуы үшін цифрландыру, жасанды интеллект, құқықтық мониторинг, биомедициналық деректерді қорғау саласында зерттеулер жүргізілуде. Жоғарыда аталған мақсат тек медицина саласына ғана қатысты мақсат емес. Бұл – денсаулықты заңмен қорғау, құқықтық сауаттылықты арттыру, салауатты қоғам қалыптастыру, әлеуметтік жауапкершілікті күшейту міндеті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Заң факультетінің осы бағыттағы жұмысы – ел дамуының, болашақ құқықтық мемлекет тұғырын нығайтудың айқын көрінісі.
Д.М. БАЙМАХАНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті
мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
конституциялық және әкімшілік құқық
кафедрасының доценті, з.ғ.д
Қанбатырова Жанерке Ғалымқызы,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң
факультетінің 1 курс магистранты



