Сапалы білім – кәсіби маман қалыптастырудың негізі

Қазіргі кезеңде білім беру жүйесі қоғам дамуының басты қозғаушы күшіне айналып отыр. Әлемдік өзгерістер, цифрландыру үдерісі және еңбек нарығындағы жаңа талаптар жоғары білім сапасына деген сұранысты күшейтуде. Осындай жағдайда жоғары оқу орындарының алдында тұрған басты міндет тек теориялық біліммен шектелмей, кәсіби құзыреттілігі жоғары, сыни ойлай алатын, жауапкершілігі мол мамандар даярлау. Осы тұрғыдан алғанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сапалы білім беру бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді.

Оқытушы ретінде мен үшін сапалы білім бұл тек білім беру процесінің нәтижесі ғана емес, ол студенттің тұлғалық, кәсіби және азаматтық тұрғыдан қалыптасуының кешенді көрсеткіші. Университет қабырғасында студент тек білім алып қоймайды, ол өмірлік көзқарасын қалыптастырып, өз орнын табуға ұмтылады. Сондықтан білім беру үдерісінде тек ақпарат жеткізу емес, студенттің ойлау қабілетін дамыту, талдау жасауға үйрету, дербес шешім қабылдай алуына ықпал ету басты назарда болуы тиіс.

Қазіргі таңда ҚазҰУ-да білім беру мазмұны заманауи талаптарға сай үнемі жаңартылып отырады. Оқу бағдарламалары еңбек нарығының сұранысына бейімделіп, практикалық бағытта жетілдірілуде. Заң, экономика, халықаралық қатынастар және IT салалары бойынша білім беру халықаралық стандарттарға сәйкес ұйымдастырылған. Бұл студенттердің тек отандық емес, халықаралық деңгейде де бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді.

Сапалы білім берудің маңызды бөлігі-тәжірибемен ұштастыру. Өз тәжірибемде студенттердің теориялық білімін нақты жағдайларда қолдануы олардың кәсіби қалыптасуына ерекше әсер ететінін байқаймын. Мәселен, заң факультетінің студенттері заң клиникаларында жұмыс істей отырып, азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, білім беру процесінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының рөлі ерекше. Студенттер ғылыми жобаларға қатысу арқылы жаңа білімді игеріп қана қоймай, оны тәжірибеде қолдануды үйренеді. Осы әрекет олардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Университеттің ғылыми әлеуеті білім сапасының маңызды көрсеткіші.Қазіргі цифрландыру дәуірінде білім беру үдерісі де жаңа форматқа көшуде. Онлайн платформалар, цифрлық ресурстар, қашықтан оқыту жүйелері білім алудың қолжетімділігін арттырды. ҚазҰУ бұл бағытта да белсенді жұмыс жүргізіп, заманауи технологияларды оқу процесіне тиімді енгізуде. Оқытушының рөлі сапалы білім берудің негізгі тірегі. Бүгінгі оқытушы тек дәріс оқушы емес, ол бағыт-бағдар беруші, тәлімгер, ғылыми жетекші. Өз тәжірибемде студенттермен ашық диалог орнату, олардың пікірін тыңдау, шығармашылық бастамаларын қолдау білім сапасын арттыруға тікелей әсер ететінін байқаймын. Себебі білім беру бұл біржақты процесс емес, ол өзара әрекеттестікке негізделген күрделі жүйе.

Сапалы білім беру тек кәсіби дайындықпен шектелмейді. Университет қабырғасында студенттер әділдік, жауапкершілік, адалдық сияқты маңызды қасиеттерді бойына сіңіреді.

Қазіргі таңда білім беру жүйесі тұрақты даму мақсаттарымен тығыз байланыста дамып келеді. Сапалы білім беру, әділетті қоғам құру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру дәл осы бағыттар жоғары оқу орындарының қызметінде ерекше маңызға ие. Осы тұрғыда ҚазҰУ білім мен ғылымды ұштастыра отырып, қоғам дамуына үлес қосатын мамандар даярлауда.

Қорытындылай келе, сапалы білім бұл тек жоғары оқу орнының көрсеткіші емес, ол бүкіл қоғамның дамуына әсер ететін стратегиялық ресурс. Оқытушы ретінде менің басты мақсатым-студенттерге тек білім беру ғана емес, оларды өмірге бейім, ойы ашық, жауапты тұлға ретінде қалыптастыру. Осы жолда оқу ордамыз қалыптастырған білім беру жүйесі өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді.

Г.Д. АНСАТБАЕВА,  

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

заң факультеті  азаматтық құқық,

азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы

кафедрасының аға оқытушысы