Сәулетай Алшынбаевтың «Шексіз сұлулық» атты жеке мерейтойлық көрмесі басталады
2023 жылдың 21 сәуірінде сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде Сәулетай Алшынбаевтың «Шексіз сұлулық» атты жеке мерейтойлық көрмесі ашылады. Экспозицияда автордың 50-ге жуық мүсіндік және графикалық туындылары ұсынылады.
С. Алшынбаевтың мүсіндік және графикалық туындыларының тақырыптық, сюжеттік мазмұны кең. Туындыларындағы бейнелер: мифтік және тарихи кейіпкерлер, дала арулары, ауыл өмірінің көріністері. Сонымен қатар, жұмыстарының арасында қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген белгілі тұлғалардың портреттік туындылары бар.
Суретші композициялық шешімнің еркіндігімен ерекшеленетін шағын формадағы мүсіндерді де сомдайды. Атап айтқанда, «Құмалақ ашу» (1994), «Жан айқай» (1994), «Коррида» (1996), «Үш бөрі» (1996), «Дала аруы» (2001), «Қасірет. Бөрі ана» (2008), «Ояну» (2012) атты күрделі қозғалыстағы, түрлі пластикалық шешімдегі мүсіндік туындылары түрік мифологиясы аңыз-әңгімелеріндегі кейіпкерлер мен қазақтың дәстүрлі өмірінен хабардар беретін көріністер бейнеленген. Сонымет қатар, суретші қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген «Ә. Қастеев және қарындасы» (1997), «Шоқан Уәлиханов» (1998), «Мүсінші И. Иткинд» (1997) сынды тұлғалардың портреттік туындыларын бейнеледі.
Алшынбаев Сәулетай Әбдірахманұлы 1943 жылы 12 қаңтарда Семей облысы, Үржар ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін бітіріп, 1973-1979 жылдар аралығында И.Е. Репин атындағы Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет институты, Ю. Непринцевтың шеберханасында білім алған. Елге оралған суретші О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде шығармашылық және ұстаздық қызметін табысты атқарды. Ол жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі еңбегі үшін «Ы. Алтынсарин» белгісімен марапатталған. Сәулетай Алшынбаевтың туындылары Қазақстан және шетелдің жеке галереяларының коллекциясында сақтаулы.
Көрме 2023 жылдың 16 мамырына дейін жалғасады.983
Көрме жетекшісі – Әбілдаева Л.