Си Цзиньпин мен Дональд Трамп Аспан ғибадатханасына барды

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қытайға мемлекеттік сапармен келген АҚШ Президенті Дональд Трамп бірге Бейжіңдегі Аспан ғибадатханасына барды.

Жаздың алғашқы күндеріндегі Аспан ғибадатханасы ерекше көрікке бөленді: көне кипаристер айбынды тұрса, самал жел айналаны сергітіп тұрды. Си Цзиньпин Дональд Трампты Циняньдянь ғибадатханасының алдында қарсы алды.

Циняньдянь ғибадатханасының алдындағы кең алаңда екі ел басшысы естелік суретке түсті. Кейін олар ғибадатхана ішін бірге аралап, ежелгі Қытай сәулет өнерінің бірегей шешімдерімен танысты.

Көпқабатты шатырлары жарқыраған Циняньдянь ғибадатханасы өзінің айбынды сәулетімен ерекшеленеді. Мемлекет басшылары «суньмао» мен «доугун» ағаш құрылымдарының дәл үйлесімін, сондай-ақ астрономиялық күнтізбе мен ғимарат архитектурасының үндестігін тамашалады. Бұл шешімдер табиғат пен уақыт үйлесімін бейнелейді.

Си Цзиньпиннің айтуынша, 2017 жылы олар Бейжіңнің орталық осі бойымен жүріп өтіп, Гугун музейін аралаған. Бүгінгі Аспан ғибадатханасы да сол кезеңде салынған тарихи нысандардың бірі. Оның құрылымы ежелгі қытайлықтардың «аспан — дөңгелек, жер — төртбұрыш» деген дүниетанымына негізделген және қытай халқының өмірлік философиясын көрсетеді.

«Ежелгі Қытай билеушілері бұл жерде ел мен халықтың амандығын, молшылық пен қолайлы ауа райын тілеп құрбандық рәсімдерін өткізген. Бұл — “халық мемлекеттің негізі, ал халықтың әл-ауқатынсыз мемлекет тұрақты болмайды” деген дәстүрлі қытайлық қағидатты білдіреді. Қытай Коммунистік партиясы “халық бәрінен биік” деген өркениеттік идеяны жалғастырып келеді және әрдайым халыққа адал қызмет ету қағидатын ұстанады», — деді Си Цзиньпин.

Өз кезегінде Дональд Трамп Гугун музейіне жасаған сапары әлі күнге дейін жадында сақталғанын айтты. Оның сөзінше, 600 жылдан астам тарихы бар Аспан ғибадатханасы бүгінге дейін асқақ кейпін сақтап, қытай классикалық сәулет өнері мен бай дәстүрлі мәдениетінің тереңдігін көрсетеді.

«АҚШ пен Қытай — ұлы мемлекеттер, ал екі ел халқы — дана әрі ұлы халықтар. Сондықтан мемлекеттер өзара түсіністікті тереңдетіп, халықтар арасындағы достықты нығайтуы керек», — деді Дональд Трамп.

Сапар барысында екі ел көшбасшылары Бейжіңнің тарихи және мәдени мұрасының маңызын атап өтіп, мәдени-гуманитарлық байланыстар халықтар арасындағы өзара сенімді нығайтудың маңызды құралы екенін айтты.

Іс-шараға Цай Ци, Ван И және Инь Ли қатысты.

Дереккөзі: Синьхуа