Соңғы үш тәулікте қар құрсауынан 78 адам құтқарылып, эвакуацияланды

Қолайсыз ауа райы жағдайларына боран, көктайғақ, қатты жел және көріну қашықтығының нөлге дейін төмендеуіне байланысты (2026 жылғы 7–9 наурыз аралығында) Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары 78 адамды, оның ішінде 7 баланы құтқарып, эвакуациялады. Сонымен қатар 29 автокөлік қар құрсауынан шығарылды.

Қазақстан ТЖМ азаматтарды сақтық шараларын сақтауға, дауылды ескертулерді қадағалауға және қолайсыз ауа райы жағдайында алыс сапарларға шықпауға шақырады. Ауыл тұрғындарына ауа-райының нашарлауы жағдайында ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.

Сәтті құтқару жұмыстарын ерекше атап өткен жөн:

Өткен тәулікте еліміздің әр өңірлеріндегі ТЖМ бөлімшелері автокөліктің техникалық ақаулары мен ауа райы жағдайларына байланысты қиын жағдайға тап болған азаматтарға жедел көмекке келді. Атырау облысының Жылыой ауданында Құлсары қаласынан 100 шақырым жерде, Ақмешіт кентінің маңында автокөлік істен шыққан. Құтқарушылар жедел келіп, жүргізуші мен екі жолаушыны елді мекенге эвакуациялады. Сондай-ақ, Жамбыл облысында Жуалы ауданында «Алматы-Ташкент» автожолының жабық учаскесінде техникалық бұзылуына байланысты жеңіл көлік тоқтады. Құтқарушылар үш жолаушысы бар көлікті жақын маңдағы елді мекенге сүйреп апарды. Абай облысында құтқарушылар автокөлікпен еріген суға түскен адамдарға көмек көрсетті. Ақсуат ауданының «Екпін» ауылдық округінде ер адамдар жеңіл автокөлікпен дала жолымен жүріп, еріген су ағынына түсіп, сайдан өздігінен шыға алмады. Оқиға орнына құтқарушылар 40 км қашықтықты жүріп келіп, кептелісте қалған көліктен 3 адамды эвакуациялап, елді мекенге жеткізді.

Қостанай облысында құтқарушылар жылқыларды іздеуге снегоходпен барған жоғалған адамды тапты. Оны іздеуге құтқарушылар, полиция, жергілікті билік пен ауыл тұрғындары қосылды. Сондай-ақ «Қазавиақұтқару» тікұшағы мен ТЖМ жоғары өтімді техникасы жұмылдырылды. Алдымен олар Қарасу ауылынан шамамен 20 шақырым жерде ашық жерден қарда жүретін көлікті тапты. Содан кейін әуеден қар құрсауындағы іздерді байқады. Осылай олар жылқышының ізіне түсіп, оны тауып алып ауылға жеткізді. «Қостанай-Введенка» автожолында қатты қарлы боран мен қардың салдарынан тас жолда бірнеше көлік бұғатталды. Павлов атындағы ауылдың маңында оқиға орнына келген құтқарушылар қар тұтқындаған көлік құралдарын тапты. Құтқарушылар жүкті әйелді кішкентай баласымен эвакуациялап, Қостанай қаласына жеткізді. Қалған азаматтар эвакуациядан бас тартты, ауа-райының жақсаруын күтіп, өз көліктерінде күтті. Тағы бір құтқару операциясы Майалап ауылының маңында өрбіді. Бұл жолы жаппай қар көшкініне байланысты кептелісте 17 адам болған 7 көлік болды. Құтқарушылар мен жеке ұйымның бірлескен күш-жігерінің арқасында барлық автокөліктер қауіпсіз жерге сүйретіп шығарылды. Сондай-ақ Денисов ауданы Перелески ауылынан 3 шақырым жерде құтқарушылар жоғары өтімді техниканың көмегімен қар құрсауында қалған салонында екі адамы бар жеңіл автомобильді шығарды.

Қызылорда облысында трассадан 35 шақырым жерде, «Телікөлге» жету қиын ауданда көлік кептеліп қалды. Белгілі болғандай, адамдар далада екі күн бойы өз бетінше шыға алмаған. Іздеу жұмыстары жолсыздық пен лайлы жерге байланысты қиын болған. Жер бедерін әуеден барлау үшін ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылып, үйлестіру жұмыстары спутниктік байланыс арқылы жүргізілді. байланыс спутник арқылы жүргізілді. Таңертең іздестіру тобы 4 ер адамды тауып, облыс орталығына эвакуациялады.

Ақмола облысының Қорғалжын ауданындағы Шалқар ауылы маңында екі балықшы отырған жеңіл автокөлік қалың қарға батып қалған. Құтқарушылар оларды тауып, қауіпсіз жерге эвакуациялады.

СҚО-да Шал ақын ауданында, Ступинка және Семиполка ауылдарының арасында бірнеше автокөлік қар құрсауында қалған. Құтқарушылар 7 жеңіл автокөлік, оның ішінде 20 адамды (3 бала) қауіпсіз жерге шығарды. Сондай-ақ Тимирязев ауданында қар құрсауында қалған жеңіл автокөліктегі төрт адамнан тұратын отбасы (жүкті әйел және екі бала) құтқарылды.

Ақтөбе облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізілген авариялық-құтқару жұмыстары барысында 6 автомобиль шығарылып, 17 адам құтқарылды. Хромтау ауданында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың жабық учаскелерін патрульдеу кезінде құтқарушылар қар құрсауынан 1 жеңіл автокөлік шығарды, оның салонында 3 адам болды. Сондай-ақ осы ауданда қатты боран мен «Хромтау – Бадамша» облыстық маңызы бар автомобиль жолының жабылуына байланысты балаға медициналық көмек алу үшін шұғыл эвакуациялау қажеттілігі туындады. Құтқарушылар жоғары өтімді техникамен елді мекенге барып, анасымен бірге бір жасар баланы Хромтау қаласының ауруханасына жеткізді. Құтқарушылар Хромтау ауданында тағы бір құтқару жұмыстарын жүргізді. Онда қардан салонында 11 адамы бар 4 жеңіл автокөлік шығарылды. Кейін Қарғалы ауданында облыстық маңызы бар «Донское – Бадамша – Ақтөбе – Орск» автожолының 65 шақырымында, Бадамша ауылынан 10 шақырым жерде боран салдарынан құтқарушылар қар құрсауынан 1 жеңіл және 1 жүк көлігін алып шықты. Көліктерде 6 адам болды, олардың барлығы аман-есен құтқарылды және медициналық көмекке мұқтаж болмады.

ТЖМ еске салады: елді мекендерден шықпас бұрын ауа райы жағдайлары мен автожолдардың жай-күйін ескеру қажет. Ауа-райы нашарлаған жағдайда мүмкіндігінше ұзақ сапарлардан бас тарту және қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылады.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі