Студенттерге арналған жатақхана пайдалануға берілді

Қ.Жұбанов атындағы университетте студенттерге арналған тағы бір жатақхана ашылды. 507 шаршы метрлік үш қабатты ғимарат 92 студентке арналған. Жатақханада 19 жатын бөлме, тамақ әзірлейтін ас үй, жуынатын және демалатын орындар қарастырылған.

Университет ректоры Лаура Қарабасованың айтуынша, оқу орнв құрылыс материалдарын сатып алуға 2,5 млн теңге жұмсаған. Бір қызығы, университет оқытушылары мен техникалық қызметкерлер өздері жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Атап айтқанда, әрлеу жұмыстары жүргізіліп, линолеум, сантехника ауыстырылды, керамикалық плиткалар қойылды, жаңа есіктер орнатылды.

Қ. Жұбанов атындағы АӨУ-де 14 мыңға жуық студент оқиды, тағы бір мыңға жуығы ЖОО жанындағы колледжде білім алады. Өзге өңірлер мен ауылдардан келген студенттер үшін жатақханаларда орын беріледі.

Оқу орнында барлығы 2200 орындық 4 жатақхана бар. Барлығында кітапхана, спортзал, ас үй бөлмелері бар. Аулаларында спорт алаңдары салынған. Жыл сайын әрбір жатақханада жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

ЖОО ректорының айтуынша, жатақханаларда орын тапшылығы жоқ. Бірақ студенттердің көптігіне байланысты жаңа оқу ғимаратын салу қажеттілігі туындап отыр. Университет басшылығы жобасын дайындап, қазір қаржыландыру мәселесі шешілуде. Жаңа оқу корпусын Жастар сарайының аумағында салу жоспарланған.