Сыр елінде «Қызылорда қаласының айналма жолын» қайта жаңарту жобасы басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында 11 наурыз күні Қызылорда қаласында республикалық маңызы бар «Қызылорда қаласының айналма жолы» автожолын қайта жаңарту жобасының басталуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараға Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы Басқарма төрағасы Дархан Иманашев, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, мердігер ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен өңір жұртшылығы қатысты.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 25 шақырым болатын айналма жолды қайта жаңарту қарастырылған. Жобалық шешімдерге сәйкес, оның 14,6 шақырымы І-б техникалық санат талаптарына жеткізілсе, қалған 10,4 шақырымы ІІ техникалық санат параметрлеріне сәйкес қайта жаңғыртылады. Бұл жоба өңірдегі көлік инфрақұрылымының өткізу қабілетін арттыруға, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және облыс аумағындағы елді мекендердің көлік байланысын жақсартуға бағытталған. Жобаны іске асыру мерзімі 2026-2029 жылдарға жоспарланған.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Дархан Иманашев аталған жобаның өңірдің көлік жүйесін дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.
«Бүгін біз Қызылорда қаласының айналма жолының қайта жаңарту жұмыстарын ресми бастағалы отырмыз. Бұл жобаны іске асыру транзиттік көлік ағынын қаланың сыртқы бөлігіне бағыттауға, облыс орталығының көше-жол желісіне түсетін жүктемені азайтуға және жол қозғалысы қауіпсіздігі деңгейін едәуір арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Дархан Иманашев.

Оның айтуынша, заманауи жол инфрақұрылымын дамыту – өңірлердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі факторларының бірі.
«Айналма жолды қайта салу автокөлік қозғалысына қолайлы жағдай жасап, жол жүру уақытын қысқартуға және көлік қызметінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай жобаларды іске асыру логистиканың дамуына ықпал етіп, елдің транзиттік әлеуетін нығайтады және өңірлік экономиканың өсуіне қосымша серпін береді», – деді Дархан Иманашев.
Сондай-ақ басқарма төрағасы Қызылорда облысы аумағында республикалық маңызы бар автожол желісін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 049 шақырымды құрайды.
«Қазіргі уақытта 128 шақырым жол реконструкциялау кезеңінде, оның ішінде Қызылорда қаласының айналма жолы жобасы бар. Тағы 98 шақырым жол орташа жөндеумен қамтылған, ал 810 шақырым жолда күтіп-ұстау жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, өңірдегі автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда», – деп хабарлады Дархан Иманашев.
Сонымен қатар, биыл Қызылорда облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын орташа жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар жоспарланған. Жөнделетін жол учаскелерінің жалпы ұзындығы 98,3 шақырымды құрайды. Жұмыстар өңірдегі бірқатар маңызды көлік бағыттарында жүргізіледі. Олардың қатарында «Қызылорда – Павлодар – Успенка – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолы, сондай-ақ М-32 «Ресей Федерациясының шекарасы (Самараға қарай) – Орал, Ақтөбе, Қызылорда арқылы Шымкентке дейін» халықаралық көлік дәлізінің және KAZ-06 «Ресей Федерациясының шекарасы (Жайсан өткізу пункті) – Мартөк– Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы (Нұр Жолы өткізу пункті)» халықаралық көлік дәлізінің жекелеген учаскелері бар.
Аталған жобаларды іске асыру автомобиль жолдарының техникалық жай-күйін жақсартып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірдің халықаралық көлік дәліздерін дамытудағы маңызын арттыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында жол инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді.




