Таңғажайып Тәж Махал

Кейде үнсіздік айтылған сөздерден биік болады. Тәж Махал — дәл сондай үнсіздікке толы мекен. Еш дыбыс естілмейді, бірақ келген әр адамға өзінің ең терең сырын қалдырып кетеді.
Аграның ыстығы мен дауысы артта қалған сәтте, Ямуна өзенінің жағасында аппақ мәрмәрден салынған сарай кенет көз алдыңнан шығады. Оның асқақ мұнаралары алыстан-ақ көрінеді, жақындаған сайын әрлене түседі. Бір қарағанда ақ тас. Бірақ жүрекпен қарасаң, ол үлкен сезімге толы, талай тарихи оқиғаларға куә болған ғажап ғимарат. Онда сағыныш бар, күту бар, махаббат бар.
Тәж Махал — Шах Жаханның жан жары Мумтазға арнаған мәңгілік мұрасы. Адам баласы сөзбен жеткізе алмаған сезімді ол таспен жазып кеткендей. Ғасырлар өтсе де, бұл сезім сарқылмаған. Таңғы күнмен бірге сарайдың өңі де өзгереді: кейде бозғылт қызғылт, кейде аппақ, кейде күн батқанда алтын түске боялады. Әр сәт — басқа көңіл күй, басқа ой.

Бұл жерде уақыттың өзі баяулайтын сияқты. Қадамдар жеңілдеп, дауыстар сыбырға айналады. Мәрмәр қабырғалардағы өрнектер көзге емес, жаныңның тыныштығына арналғандай. Әр оюда сабыр бар, әр жазуда тағдырдың тынысы сезіледі. Мұнда асығыс жүрген адам болмайды, себебі Тәж Махал асығыстықты қабылдамайды.
Жыл сайын миллиондаған адам осы үнсіздікке куә болу үшін келеді. Әлемнің әр түкпірінен жиналған жүздеген тіл, мыңдаған тағдыр осы жерде бір сәтке тоқтағандай. Көпшілік көп болғанымен, әр адам Тәж Махалмен жалғыз қалады. Оның алдында бәрі тең — турист те, тарихшы да, жай ғана жолы түскен жолаушы да.
Қатаң қауіпсіздік, тексеру, тәртіп бәрі де осы нәзік сұлулықты қорғауға бағытталған. Адамдар емес, уақыттың өзі бұл жерге сақтықпен қарайтындай. Себебі бұл — жай ескерткіш емес, адамзаттың ең нәзік сезімінің ізі.

Тәж Махалға жету жолы да бір сапар іспетті. Жолда келе жатып, терезеден өтіп жатқан Үндістанды көресің: қарбалас, тіршілік, дабыр. Ал сарайдың қасына келгенде — тыныштық. Сол тыныштықта бір ғана сұрақ қалады: махаббат шынымен мәңгі ме?!
Жауабы да осы жерде. Ақ мәрмәр үнсіз тұр. Бірақ оның үнсіздігі — ең анық жауап. Иә, махаббат мәңгі. Егер ол шынайы болса, оған еш сынақ бөгет болмайды.
Тәж Махал — тасқа айналған сезім. Ол бізге бір нәрсені еске салу үшін тұр: уақыт бәрін өшіреді, бірақ жүректен шыққан махаббатты ешқашан жеңе алмайды.
Ақ мәрмәр сырын айтқанда
Уақыт-кеме баяу ағады.
Пәк көңіл, таза сезіммен
Махаббат осында аялдады.
Ямуна сырын сақтаған,
Тәж Махал, неткен ғажап едің?
Бір жүректің мәңгі сағынышын
Ғасырлар бойы жинап келдің.
Таң арайы өңінөзгертсе,
Ақшам алтынмен боялған.
Сөзбен жетпейтін сезімді
Сарай тастарына жазылған
Уақыт өтер, әлем де өзгерер,
Ал махаббат ешқашан өлмейді.
Шах Жахан қалдырған бір белгі
Мұмтаздың атын өшірмейді.
Дұға етіп, шүкір деп жайдым алақанды,
Игі тілек, арманым көкке самғады.
Әлемнің кереметі саналатын нұрлы мекен
Тәж Махалды көру бақыты бұйырды
Ғазиза Ұзақ
Агра, Үндістан
Желтоқсан 2025 жыл



