Темірқазықтан шыққан батыр: Қазақстандағы тұңғыш суперқаһармандар туралы TOXIC сериалы жарық көрді

Күн сайын — жаңа суперкүш. Бірақ бас кейіпкер танымал болған сайын, атышулы даңқтың өтеуі де ауырлай түседі.
10 қыркүйекте Freedom Кино мен ТВ-да TOXIC сериалы жарық көрді. Бұл — 10 бөлімнен тұратын фантастикалық комедиялық драма әрі суперқаһармандар жайлы алғашқы отандық көпбөлімді жоба. Сюжет өзегінде — миллиондаған аудиторияны армандап жүріп, ғажайып күшке ие болған жас блогер. Енді оған таңдау жасауға тура келеді: әлеуметтік желідегі танымалдылықтың соңынан еру ме, әлде нағыз қаһарман атану ма?
Күнде жаңа суперкүш
Фара мен оның ең жақын досы Санжик желіде танымал болуды армандайды. Әсерлі контент түсіреміз деп жүріп, олар қараусыз қалған ғимаратқа тап болады. Сол жерде Фара байқаусызда құпия капсуланың ішіне кіріп кетеді. Улы газдан кейін оның өмірі өзгереді: енді аптаның әр күні оған жаңа қабілет сыйлайды. Ол телепортация жасай алады, уақытты басқара алады, өзге адамның бейнесіне енеді, тіпті қойға да айнала алады!
Бастапқыда достар бұл жағдайды блогты танымал етудің таптырмас мүмкіндігі деп қабылдайды. Бірақ қаралым мен танымалдылықпен бірге қауіп пен жауапкершілік келеді. TOXIC — суперқаһармандар туралы классикалық сюжетті жастарға түсінікті әрі жақын ете білген жоба. Бұл — достық, алғашқы сезім, өзіңді табу және танымалдылықтың астарында не жатқаны туралы туынды.
TOXIC сериалының қоюшы режиссері — SHEKER мен «Ауру» жобалары арқылы танылған Айтөре Жолдасқали. Бұл жолы ол суперқаһарман жанрына қадам басып, басты назарды кейіпкердің ішкі жан дүниесі мен оның таңдауына аударады.
Айтөре Жолдасқали:
“Ауыр оқиғаларды суреттегенде тек қайғы-мұңға салынбай, оны үміт пен адамдардың жақындығы арқылы жеткізу маған өте қызық. «Токсик» мен үшін дәл осы идеядан туған жоба болды: салмақты тақырыпты айта отырып, көрерменді сол ауырлықпен жалғыз қалдырмау.
Бұл — шығармашылығымдағы жаңа белестің басы. Көрерменіммен мүлде өзге тілде сөйлесіп, жаңа бағыттар мен баяндау тәсілдерін байқап көруге құштармын. Өз туындыларым арқылы бұған дейін тасада қалып келген ішкі әлемімді, болмысымның өзге бір қырын ашқым келеді.”
TOXIC жобасы танымал отандық актёрлердің, блогерлер мен жаңа буын медиа өкілдерінің басын біріктірді. Бас кейіпкер — блогер Фараның рөлін Алмаз Мержақыпов сомдады. Сондай-ақ сериалға төмендегі актёрлер түсті:
● Аида Құрманғалиева
● Азамат Сатыбалды
● Аделина Ералиева
● Бекайдар Қадыркей
● Нұрай Жеткерген
● Куаныш Турдалин
● Алихан Лепесбаев
Кәсіби актёрлік шеберлік пен әлеуметтік желі арқылы танылған кейіпкерлердің табиғи энергетикасы тамаша үйлесім тапты. Бұл актерлік құрамға жан бітіріп, фантастикалық оқиғаны көрерменге жүрекке жақын әрі шынайы етіп жеткізуге мүмкіндік берді.
Алмаз Мержақыпов Фараның рөлі туралы:
«TOXIC мен үшін орны бөлек оқиға болды, сондықтан түсірілімге қатысуға бірден келістім. Түсірілім алаңында өзге адамның мінезін бойыма сіңіріп, оның ішкі тебіренісі мен жан жарасын түсінуім керек еді. Ондай ішкі іздер бәрімізде бар, бірақ ең бастысы — соны қабылдап, өз пайдаңа жарата білу.
Көрермендердің кейіпкерімді танып, сериалды асыға күтіп жүргенін көру ерекше қуантады.. Жақында бір кішкентай қыз маған кілтке тағатын брелок сыйлады — шағын болса да, жүрекке жылу сыйлаған сыйлық болды. Ал тағы бір көрермен кейіпкерімнің бейнесімен стикерпак жасапты. Әлеуметтік желіде де оқырмандар Токсикке арнап фан-арттар салып жатыр. Мұндайда оқиғаның көрермен жүрегіне жол тауып, өз өмірін бастап кеткенін ұғасың. Көрермен Фарадан мінсіз суперқаһарманды емес, қателікке бой алдыратын, есейетін, өзін қабылдап, қасындағы жандарды бағалауды үйренетін етене жақын адамды көреді деп үміттенемін»
Өз суперқаһарманымызға — өз әуеніміз
Dirty Ctrl мен ZAQ-тың арнайы сериал үшін жазған TOXIC трегі жобаның басты саундтрегіне айналды. Әртістердің бұл алғашқы бірлескен туындысы ырғақты бит, қарқынды перкуссия, әсерлі читка мен қазақша лириканы шебер ұштастырған. Алғаш рет Park Live фестивалінде шырқалған трек көрерменнің ыстық ықыласына бөленген еді. Енді бұл композицияны барлық музыкалық платформадан тыңдай аласыз!
TOXIC — бір сюжет бірнеше бағытта өрбитін отандық тұңғыш суперқаһармандар ғаламы. Түпкі оқиғалардың бәрі Темірқазықта өтеді. Мұндағы Темірқазық — өзіндік мінезі, жазылмаған заңы мен өз батырлары бар ойдан шығарылған шаһар. Он бөлімнен тұратын сериал, арнайы жазылған саундтрек және графикалық новелла Темірқазық әлемін аша түседі. Жоба көрерменді бойындағы потенциялын жаңадан танып-біліп келе жатқан кейіпкерлермен қауыштырады.
Платформа: Freedom SuperApp-тағы Freedom Кино мен ТВ
Жанры: фэнтези, комедия, драма
Бөлім саны: 10 серия (сериал қазақ тілінде түсірілген, орысша субтитр мен дубляж бар)
Жас шектеуі: 14+




